«Ақ жол» партиясы сайлауға үміткерлерін ұсынды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Ақ жол» партиясы сайлауға үміткерлерін ұсынды

20.11.2020

«Ақ жол» демократиялық партиясы Мәжіліс сайлауына 38 үміткерін ұсынды. Саяси ұйымның XVI сьезінде сайлауалды бағдарлама жобасы бекітілді. Партия белсенділері Тәуелсіздік және Алаш ұлттық идеясына басымдық бермек. Бұған дейін өңірлерде өткен жиындардың қорытындысы бойынша түрлі деңгейдегі мәслихаттарға 800-ден астам кандидат ұсынылған. 

«Ақжолдықтар» Қазақ Республикасы атауын қайтару, парламенттік басқару жүйесіне кезең-кезеңімен көшу бастамаларын қолдайды. Келер жылы елімізде жерді сатуға жарияланған мораторий мерзімі аяқталады. Партия осыған дейін Жер комиссиясына шетел компанияларына жерді жалға беруге тыйым салуды ұсынған. Алайда ол отырыстың қорытынды хаттамасына енбей қалды. 

Азат Перуашев, «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы: 
-Мораторийдың аяқталуы қарсаңында біз тағы да Қазақстан мен көршілес жатқан мемлекеттердің азаматтары мен компанияларына жерді сатуға және жалға беруге тыйым салуды талап етеміз.  

Пандемия кезінде шағын-орта бизнес иелерін бірақтар мемлекеттік төлемдерден, ал өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды салықтан мүлде босату қажет, - дейді партия басшылығы. Карантинді желеу еткен орынсыз тексерулерге жол бермеу керектігі де айтылды. 

Борис Мельников, «Ақ жол» партиясы Ақмола облыстық филиалының төрағасы:  
-Мұндай шектеулерді қоғаммен және бизнес өкілдерімен кеңесе отырып белгілесе деп ойлаймын. Аяқ асты салынған 500-800 мың теңге айыппұл кәсіпкерлер үшін оңай емес. Кейбір бизнес орындары жабылып қалуы да мүмкін. 

Партия Мемлекет басшысының саяси қуғын сүргін құрбандарын ақтауды жалғастыру бастамасын қолдайды. Бұл тарихи әділдікті қалпына келтіруге ықпал етеді, - дейді Азат Перуашев. Жиын соңында Мәжіліс депутаттығына үміткерлер тізімі бекіді. 38 кандидаттың арасында қазір төменгі палатада отырған 7 депутаттың алтауы бар. Сондай-ақ ақын Қазыбек Иса, әлихантанушы-ғалым Жүсіп Сұлтанхан да тізімге енді.

Дарын Сағитов  


Ақ жол партия сайлау Азат Перуашев Мәжіліс сайлауы

Хабарламаларға жазылу