Әлемде пандемияның үшінші толқынымен күрес жүріп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әлемде пандемияның үшінші толқынымен күрес жүріп жатыр

20.11.2020

Әлемнің бірқатар елдерінде пандемияның үшінші толқыны басталды, Ал, коронавирус жұқтырғандар 57 миллионға жуықтап, одан қайтыс болғандар 1 миллион 300 мыңнан асып отыр. Кейбір мемлекеттердегі эпидемиялық ахуалға Арыстан Рысбек тоқталады.  

Әлемнің бірнеше мемлекетінде коронавирус пандемиясының үшінші толқынымен күрес жүріп жатыр. Солардың қатарында Оңтүстік Корея астанасы Сеул, Иран, Үндістан, Франция бар. Және де эпидемияның өршуіне әзірлік Жапонияда күшейді.  Кореяда вирустың алдын-алуға арналған екі апталық арнайы кезең басталды. Мұнда «ковид» жұқтырғандардың тәуліктің саны бірнеше күннен бері 300-ден азаймай тұр. 

Ал, Жапония астанасында бейсенбі күні қауіпті инфекция 534 тұрғыннан табылған. Бұл да – рекорд.

Эсихидэ Суга, Жапония премьер-министрі: 
-Мен азаматтарды қырағылыққа шақырар едім. Маска тағып, жабық кеңістіктерден алшақ жүрейік.  

Ирандағы жағдайда да қиын. Мұнда жұқпалы дерт тәулігіне шамамен 4 мыңдай адамнан табылатын болды. Ал, жұқтырғандардың жалпы саны 900 мыңға жуықтап, өткен аптада бір тәулікте 400-ден астам ирандық қайтыс болды. Үндістанда үшінші толқын қарашаның 4-де басталып, «ковид» жұқтырғандар 9 миллионнан асып кетті. 

Ал, Мексикада коронавирус құрбандарының саны 100 мыңнан асып, жұқтырғандар миллионға жетіп отыр.

Поулет Патино, коронавирус жұқтырған пациенттің туысқаны: 
-Пандемияның күшеюіне және қызыл түсті дабыл деңгейіне жетуімізге қоғам ретінде өзіміз кінәліміз. Себебі, маска таққымыз келмейді, көптің ортасында қауіптенбей жүре береміз.  

COVID-19 диагнозы қойылған пациенттер Мәскеу ауруханаларына да симай жатыр. Сондықтан, мұнда көрме павильонын госпитальге айналдыруға тура келді. Ал, өткен тәулікте Ресейде коронавирус алғаш рет 24 мыңнан астам адамнан анықталды.

Тағы айта кететін жайт: бүгін коронавирустан Сербия православтық шіркеуінің басшысы – патриарх Ириней дүние салды. Ал, Қытайда бұл инфекция Бразилиядан, Боливиядан және Жаңа Зеландиядан импортталған сиыр еті мен оның қорабынан да табылып отыр. 

Арыстан Рысбек 


Әлем пандемия үшінші толқын

Хабарламаларға жазылу