«Almaty Business-2025». Кәсіпкерлерге 7 млрд теңгеден астам несие берілген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Almaty Business-2025». Кәсіпкерлерге 7 млрд теңгеден астам несие берілген

19.11.2020

Кәсіп бастаймын деушілерге зор мүмкіндік. Алматыда «Almaty Business-2025» жобасы арқылы 7 миллиард теңгеге 64 жоба қаржыландырылған. Бастама қалалық әкімдіктің қолдауымен былтыр жүзеге асқан. Нәтижесінде кәсіпкерлерге 6 пайыздық мөлшерлемемен, ал индустриалды аймақта орналасқан мекемелерді жалға алғандарға 2 пайызбен 70 миллион теңгеге дейін несие беріледі.  

Алғашында дайын кофе сатумен ғана айналысқан Дәурен Қозыбаев «Almaty Business-2025» жобасының арқасында 2 пайыздық мөлшерлемемен 36 миллион теңге несие алып, шикі кофені қуырып, сатылымға дайындайтын әлемдегі санаулы үздік құрылғылардың бірін алдырған. Нәтижесінде қазір айына 500 килограмға жуық дайын кофені сатылымға шығарады.  

Дәурен Қозыбаев, кәсіпкер: 
-Осы құрылғының күші 2-3 тонна айына. Біздің жақын арадағы мақсатымыз 2-3 тонна кофені қуырып басқа кішігірім, үлкен кофейняларға сату. 

Кәсіпкерлерді қолдау жобасының шарапатын көргендердің бірі – Шахила Баймұрат. 5 жылдан бері кеңсе тауарларын, оның ішінде файл, тіркелім бумасын өндірумен айналысады. «Almaty Finance» ұйымынан 7 жылға 2 пайыздық мөлшерлемемен 70 миллион теңге несие алып, өндіріс көлемін ұлғайту үшін жаңа құрылғыларға тапсырыс берген.

Шахила Баймұрат, кәсіпкер: 
-Күніне 3 жарым мың дана регистр шығарамыз. Ал енді кейінгіжоспарда жаңа құрылғы келеді. Екінші линия ашылса ол 7 мың, 10 мың дана болады. 16 адам жұмыспен қамтылады. 

«Almaty Business-2025» жобасының аясында «Qolday» кәсіпкерлік орталығы, «Almaty invest», «Almaty Finance» және «Almaty» шағын қаржы ұйымы секілді институттар құрылған. Аталған төрт мекеме бір механизм ретінде жұмыс істеп, кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсетеді.

Заңғар Сәлімбаев, «Almaty Finance» ЖШС төрағасының орынбасары:  
-«Almaty Finance» қаржы ұйымы 20 миллион теңгеден бастап, 500 миллион теңгеге дейін несие береді. Ал, «Almaty» шағын қаржы ұйымы 500 мың теңгеден бастап, 55 миллион теңгеге дейін. 

Игілікті жоба арқылы несиелендіруден бөлек, соңғы 10 айда 5 мыңнан астам адам кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгерген. Сонымен қатар, 350-ге жуық бизнес жоспар әзірленді.

Нұрхан Нұрланұлы 


Almaty Business-2025 Кәсіпкер несие

Хабарламаларға жазылу