Елімізде отбасылық дау-жанжалға қатысты арыз, шағым күрт көбейген. 6 айда тұрмыстық қылмыстар 21 пайызға өскен. Бала шағадан басқа, үйдегі үлкендерге зәбір көрсету тыйылар емес. Қазір осыған байланысты арнайы заң жобасы жетілдіріліп жатыр.
Тек таяқпен тәрбиелеймін дейтіндерді енді заң тезге салмақ. Өйткені, өзімдікі деп, ойына келгенін істеуге ешкімнің құқы жоқ. Жаңа заң жобасы осыған басымдық бермек. Айталық, жанұя мүшелеріне жәбір көрсетсе бұрынғыдай 3 сағаттық жазамен құтылмайды. Кемінде 10 күнге қамалады. Қайталаса қылмыстық жауапкершілікке тартылады.
Дина Смайлова, «Не молчи» қорының жетекшісі:-Осыған дейін бұл заң 12 рет өзгертілді. Бірақ, іс жүзінде нәтиже бермеді. Өйткені, зардап шеккен тарапқа заң қорған бола алмады. Енді осы кемшін тұстары түзеледі деген үміттеміз. Мысалы, үйде болған дау-жанжалды бала көреді. Бұған кінәлі ата-анасы психологиялық тұрғыда жазаланады. Яғни, әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
Өкінішке қарай, өзге емес, өзінің жақынынан жапа шегетіндер көп. Баласын, баласы ата-анасын, қарттар мен мүгедектерді қорлау, зорлау, қинау фактілері артқан. 6 айда отбасылық-тұрмыстық қылмыстар 21 пайызға өскен. Құқық қорғау органдарына биыл 20 мыңнан астам арыз түскен. 2800-ге жуық ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 800-і ата-ана құқығынан айырылды.
Қоғам тарапынан қазір заң жобасына қатысты түсінбеушілік көп. Өйткені, көпшілік заңның кейбір талаптары баланы ата-анаға қарсы қойған дейді. Бірақ мұнымен Мәжіліс депутаттары келіспейді.
Ирина Унжакова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:-Қазір бізге осы заң жобасына қатысты көптеген сауал келіп түсуде. Мысалы балаңыңызға дауыс көтеріп, ұрысып, нұқып жіберсеңіз бірден ата-аналық құқықынан айырылады деген талап бар дейді. Жоқ, біздің мақсат ол емес. Баланы ата-анасын айырып қайда апарамыз? Онсыз да ажырасу фактілері көп. Тек оларды жауыздықтан қорғауымыз керек. Баласын, әйелін аямай, қорлық, зорлық көрсететіндерге көз жұмып отыра алмаймыз ғой. Оның үстіне бұл заң бізде 10 жылдан бері бар. Біз тек оны толықтырып жатырмыз.
Заң жобасы бұдан былай полицейлердің әлеуметтік желідегі арыз-шағымдарға назар аударуын міндеттейді. Өйткені, зорлық-зомбылық фактілерін ерте анықтау арқылы ғана трагедиялық жағдайлардың алдын алуға болады. Дегенмен, бұл талаптар әлі бекіген жоқ. Жоба Мәжілісте талқыланып жатыр. Бірінші оқылымда мақұлданды.
Асима Нұрбайқызы