Шығыс Қазақстандағы Үржар ауданының халқы көмірді 700-800 шақырымнан тасиды. Соның кесірінен баға шарықтап тұр. Бір қызығы ауданның өз көмір кеніші бар. Бірақ халық оның игілігін көре алмай отыр. Себебі, жекенің қолындағы кен орнына жергілікті биліктің сөзі жүрмейді.
Үржарлықтар жылда қыстан қысылып шығады. Шалғай ауданның тұрғындары қатты отынды 700-800 шақырым қашықтағы «Қаражыра» кенішінен тасиды. Алыпсатарлардың бағасын қосқанда тоннасы 20-21мың теңгеден. Жылдар бойы мәселе шешілмегендіктен, жұрт әбден көндіккен.
Анарбек Мүтан, ауыл тұрғыны:-Оған ештеңе дей алмаймыз. Мынаны да сол амал жоқтан әкетіп барамыз. Енді біздің жеріміз ұзақтау содан да қымбат болып тұр.
Іргеде «Алакөл» көмір кеніші болса да, жұрт одан отын ала алмайды. Қынжылтатыны да осы. Алыпсатарларға тәуелді боп, қымбатқа ұрынған халықты қолдау үшін биыл жергілікті кәсіпкер Ардақ Өтегенов көмір қоймасын ашты. Шамасы жеткенше жерлестеріне отынды арзандатып, тоннасын 18 мың теңгеден таратып отыр. Бірақ, оның өзі санулы ғана.
Ардақ Өтегенов, кәсіпкер:-Мына жерде Жалаңашкөлден біз көмір ала алмаймыз. Неліктен ала алмаймыз мен білмеймін. Жалаңашкөлден келмейді көмір.
Жекеменшік кеніш иелерімен мәселені жергілікті билік те реттей алмаған. Биыл тек 5 мың тонна көмір алуға әрең келіскен. Ауданға қажет қатты отынның жылдық қоры 80 мың тоннаға жуықтайды. Ал «Алакөл» кенішінен шығатын отын түгел Шымкенттегі кәсіпорынға сатылады.
Бейбіт Ахметов, Үржар аудандық ТҮКШ бөлімінің бастығы:- Жекеменшік болғаннан кейін жұмысына көп араласа алмаймыз. Биыл 5 мың тоннаға келісіп меморандум жасалды.
Жекеменшік көмір кенішінің өкілдерінен, мәселеге қатысты түсінік алу мүмкін болмады. Ал облыстық бәсекелестікті қорғау және дамыту департаментінің мамандары болса, жергілікті тұрғындардан ешқандай арыз түспеді деп қамсыз отыр. Егер көмірдің қымбаттығына қатысты халық шағымданса ғана мәселені қарастыруға ниетті.
Ержан Жақып