Алматы қаласы коронавирус бойынша «сары аймаққа» енді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы қаласы коронавирус бойынша «сары аймаққа» енді

17.11.2020

Алматы қаласы коронавирус дертінің таралуы бойынша «сары» аймақтағы өңірлер қатарына енді. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлімдеді.

Нұрхан Нұрланұлы, тілші:
Қазір қалада ауру жұқтырған 15 300-ге жуық адам тіркелген. Ауруханаларда мыңнан астам науқас ем алуда. Алайда соңғы күндері вирус жұқтырғандар саны көбейіп, ахуал нашарлап барады. Науқастардың көпшілігі, нақтырақ айтсақ, 35 пайызға жуығы 65 жастан асқандар. Жалпы, науқастардың 44 пайызы кәсіпорындарда, жұмыс орындарында, 18 пайызы көпқабатты үйлердің кіреберісінде, лифтілерде вирус жұқтырған екен. Сондықтан мамандар егде жастағы тұрғындарды үйлерінен шықпауға, кәсіпкерлік нысандарда, жұмыс орындарында сақтық шараларын күшейтуге, тұрғын үйлерде, подъездерде, аулаларда күніне бірнеше мәрте дезинфекция жасап, барлық талаптарды қатаң сақтауға шақырып отыр. 

Сонымен қатар, эпидемиолог мамандар күннің суытуы да вирустың өршуіне себеп дейді. Өйткені жедел респираторлы вирустық инфекция мен тұмау жағдайды одан әрі қиындата түседі. Өткен жылмен салыстырғанда жедел респираторлы вирустық инфекция жұқтырғандар саны 2,2 есе көбейген. «Сондай-ақ эпидемиологиялық ахуалдың нашарлауына көпшілік шаралардың тоқтамауы да себеп», - дейді мамандар. Сондықтан мониторингтік топтар күнделікті тексеруді жалғастыруда. Соңғы үш тәулік ішінде карантин талаптарын бұзған 44 нысан анықталып, қатаң шара қолданылған.

Алматы коронавирус

Хабарламаларға жазылу