Оқу жылының басынан бері Қазақстанда 241 мұғалім коронавирус жұқтырған. Бұл туралы Орталық коммуникациялар алаңында өткен брифингте ҚР ДСМ Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрайымы Айжан Есмағамбетова айтты.
«Республика бойынша мұғалімдер арасында коронавирус жұқтырудың 241 жағдайы тіркелді. Тергеу жүргізіліп, байланыста болған адамдар анықталып жатыр», - деді ол.
Жалпы, 1 қыркүйек-16 қараша аралығында кезекші сыныптардағы 302 оқушы коронавирус жұқтырған. Қашықтан оқыған бір оқушы вирустық пневмонияға шалдыққан. Қазіргі кезде індеттен 456 бала емделіп жатыр.