Қазақстанда 2020 жылға қарай халықтың 95 проценті мемлекеттік тілді меңгеруі тиіс. Бұл меже осыдан 8 жыл бұрын қойылған. Бірақ биылғы ресми дерек бойынша отандастарымыздың тек үштен екісі қазақша білетін болып шықты. Жақында ғана өткен Ассамблеяның кеңесінде Нұрсұлтан Назарбаев елдегі қазақ тілін тегін үйрететін орталықтардың жұмысына күмән келтірген еді.
Тіл орталықтарының статистикасына сүйенсек, соңғы 10 жылда жарты миллионнан астам адам қазақ тілін меңгерген. Тіл үйренушілердің басым бөлігі мемлекеттік қызметкерлер. Жыл сайын бір орталықты қаржыландыруға орта есеппен 100 млн теңге жұмсалады. Алайда мұғалімдердің жалақысы төмен. Комитет төрағасы Әділбек Қабаның пікірінше, айлықты көтермей, жұмыс өрге баспайды.
Әділбек Қаба, Тіл саясаты комитетінің төрағасы:
Қазіргі уақытта 41 мыңның төңірегінде. Ары кетсе әр жердің ерекшелігіне қарай тағы кішкене көбірек болуы мүмкін. Бірақ 41 мыңға мұғалімді ұстап тұру қазіргі уақытта өте қиын.
Елордада жеке тіл үйрету орталығын ашқан Владислав Теннің сөзінше, біздегі қазақ тілін оқыту әдістемелері тым ауыр. Сол себепті көпшілігі сабақтарды түсіне бермейді. Әйтпесе елімізде тілді меңгеріп алуға ынталы азаматтар өте көп дейді.
Владислав Тен, тіл үйрету орталығының директоры:
Бір жылдың ішінде бәрін ауызекі тілде сөйлетуге болады. Дұрыс методикамен.
Ғалымдардың зерттеуінше, әрбір екі апта сайын әлемде бір тіл жер бетінен жойылады екен. Ал XXI ғасырдың аяғына қарай қазіргі 6 мыңнан астам тілдің тең жартысы мүлдем қолданылмайтын болады. Онымен бірге сол ұлттар да басқаларға сіңіп кетпек. «Бұл қорқынышты сценарийдің кейіпкері болып кетпеу үшін билік те, халық та басты құндылығын дәріптеп, өз шыңында ұстап тұруға атсалысу қажет», - дейді сала мамандары.
Шерхан Жамбылұлы