Оралда Ақжайық шағын ауданының құрылысы тоқтап тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Оралда Ақжайық шағын ауданының құрылысы тоқтап тұр

13.11.2020

Оралда екі жыл бұрын қолға алған іргелі жоба - «Ақжайық» шағын ауданының құрылысы тоқтап тұр. Өткен жылы инженерелік желілер жүргізілсе де тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды салу әлі басталар емес. Бұған не себеп? Құрылыс қашан басталмақ? Аймақтағы тілшіміз Рауан Диәли осы сауалдарға жауап іздеп көрді.  

420 гектар болатын алып аумақта қақшиған жарық бағандары мен әр жерде қарайған трансформатор үйшіктері ғана мен мұндалайды. Аталған инфрақұрылым 2018-2019 жылдары тартылып, оған 4 млрд теңге көлемінде қазына қаржысы жұмсалған болатын. Содан бері жылдан аса уақыт өтті. Бірақ тұрғын жайлар мен әлеуметтік нысандар құрылысы басталар емес. Ал қараусыз жатқан құбырлар мен желілер ұстағанның қолында кетуде.  

Тимур Айтуғанов, Шаған полиция бөлімінің бастығы:   
-Белгісіз біреулер Ақжайық ықшамауданының 24 дана көшені жарықтандыруға арналған шамдар, ұзындығы 600 метр кабель ұрлап кеткен болатын. 2020 жылдың 25-30 наурыз аралығында трансформатор, электркабель, жарықшамдар, өткізгіш клемалар ұрланды.  

Шағын аудан құрылысы инвесторлардың жоқтығынан тоқтап тұр, - дейді қала басшылығы. Өйткені жоба бойынша аумақта көпқабатты 150 үй, 8 мектеп, 9 балабақша мен 3 емхана салынып, 60 мың адам тұрады деп жсопарланған. Ал бұл дегенің қыруар қаржы. Осыған орай іргелі жобаны жүзеге асыратын кәсіпкерлерді іздестіруге «Ақжайық» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы кіріскен.

Нәдір Құрымбаев, «Aqjaiyq» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ басқарма төрағасы:  
-Екі жергілікті құрылыс компаниясы ниет білдіріп, осы жаңа шағын аудандағы құрылыс жұмыстарын бастауға жоспарлауда. Қазіргі таңда келіссөздер жүргізіліп жатыр.  

Екі инвестормен жақын күндері келісімшарт жасалмақ. Сәйкесінше көктем түсе құрылыста басталуы тиіс. Бұған қоса қазір мемлекеттік қаржыға салынатын көпқабатты 12 үйдің жобасы әзірленіп жатыр.

Рауан Диәли


Орал Ақжайық шағын ауданы

Хабарламаларға жазылу