Ресейлік бітімгерлер Таулы Қарабақтың елді мекендерін бақылауға кірісті. Кремль бұл миссияға 1960 жауынгерін жібермек. Осынша маманды өңірге аттандыруды Түркия да жоспарлап отыр. Ал Қарабақты бұрыннан қоныстанып келе жатқан этникалық армяндар жаппай көшіп жатыр.
Бұл – Шуша қаласы. Қанды қақтығыстан кейінгі шахардың қазіргі көрінісі осы. Бұзылған көлік. Қираған үйлер. Қалаға блок-посттар қойылып, коменданттық сағат енгізілген. Шушадағы тәртіпті енді Ресей бітімгерлері бақылайды. Ал Келбаджар ауданындағы армяндар болса, үйлерін тастап, үдере көшіп жатыр. Үш жақты келісімге сәйкес, аталған аудан қарашаның 15-де Әзірбайжанның бақылауына өтеді.
Жергілікті тұрғын:-Мұнда қалудың бұдан әрі еш мәні жоқ. 25 жыл осында тұрдық. Қаланың болашағы жоқ деп ойлаймын.
Тұрғындар тұрмыстық заттарының барлығын алып кетуге тырысуда. Тіпті үйлерінің есік-терезесіне дейін бұзып алған. Көлікке сыймағандарын «не саған емес, не маған емес» деп үймен бірге өртеп жатыр.
Этникалық армян:-Мен бұл үйді өзім салдым. Оны ешкімге қалдыра алмаймын. Жағып жібердім. Егер бұл үйде менің балаларым тұрмаса, онда ешкім де тұрмайды.
Ресми Бакудың хабарлауынша, көшуден бас тартқан армяндар енді Әзірбайжан азаматтығын қабылдап, мемлекет заңдарына бағынуы тиіс. Тұрғындармен қатар, Армения өңірден сарбаздарын да әкетіп жатыр. Оған бір апта уақыт берілген. Әрі тараптар арасында тұтқындарды алмасу операциялары жүруде.
Ал Арменияда наразылық акциялары толастар емес. Халық төртінші күн қатарынан Ереван орталығында Пашинянның отставкаға кетуін талап етіп, митингке шығуда. Бүгін шерулерді ұйымдастырды деген айыппен тұтқындалған оппозициялық партия лидерлеріне қарсы тергеу амалдары басталды.
Жансая Қапасқызы