Этностардың ықшам өмір сүру салты Қордайдағы қақтығыс сияқты оқиғаларға себеп болады - сарапшылар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Этностардың ықшам өмір сүру салты Қордайдағы қақтығыс сияқты оқиғаларға себеп болады - сарапшылар

13.11.2020
Этностардың ықшам өмір сүру салты Қордайдағы қақтығыс сияқты оқиғаларға себеп болады - сарапшылар

Бұл туралы  Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының алаңында онлайн форматта өткен «Қордай қақтығысы: себеп-салдары мен тәжірибесі» атты кездесу кезінде айтылған. 

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің хабарлауынша, кездесуге Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ғылыми-сарапшылық кеңестің мүшелері,  этносаралық қатынастарды дамыту комитеті төрағасының орынбасары Ғалым Шойкин, сондай-ақ, конфликтология мәселелері жөніндегі халықаралық сарапшылар қатысқан. 

«Талқылау барысында Украина мен Ресейден келген халықаралық қатысушылар этносаралық қатынастар негізінде қақтығыс жағдайларының пайда болуына әсер ететін кейбір факторларды атап өтті, соның ішінде олар ықшам өмір сүру, этникалық топтардың жақындығы, демографиялық ерекшеліктер, мәдениеттер мен дәстүрлерді білмеу, сыртқы әсер, сыбайлас жемқорлық сияқты факторларды атады», - деп хабарлайды министрлік. 

Еуразиялық интеграция институтының директоры Ерлан Саиров  осындай жағдайлардың алдын алу үшін сыбайлас жемқорлықты жойып, ел азаматтары үшін шоғырландырушы фактор бола алатын мемлекеттік тілдің рөлін арттыру керек деген кеңес айтқан. 

Естеріңізге сала кетейік, 2020 жылдың басында, 7 ақпан күні Жамбыл облысының Қордай ауданында жаппай  тәртіпсіздік болған. Салдарынан  Масаншы, Сортөбе, Ауқатты, Бұлан батыр сияқты ауылдар қирап қалған. 25 үй, 30 нысан, 40 көлік өртеніп, көп адам зардап шекті. Оқиға кезінде 8 адам қаза тапса, 50 адам жарақат алған.

Хабарламаларға жазылу