Су қауіпсіздігі мәселесі Сенатта көтерілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Су қауіпсіздігі мәселесі Сенатта көтерілді

06.11.2020

Қазақстанда жаңа су кодексі әзірленіп жатыр. Бұл туралы Сенатта өткен үкімет сағатында экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев айтты. Қолданыстағы кодекс 17 жыл ішінде 62 рет өзгертілген. Яғни, ескірген. Сондықтан су мәселесін заңдық тұрғыдан шешу үшін жаңа кодекстің қабылдануы аса маңызды деді министр. 

Өзен бассейндеріне жүргізілген талдауға сәйкес Қазақстан су тапшылығы айқын байқалатын кезеңде өмір сүріп жатыр. Суармалы егін алқаптары мен елді мекендерді тұщы сумен қамту үлкен проблемаға айналып барады. Сондықтан трансшекаралық өзендерді пайдалану бойынша көрші елдермен келісімге келу маңызды. Оның үстіне аталған мемлекеттер тарапынан уағдаластықты сақтамай өзен суын мөлшерден тыс пайдалану деректері жыл сайын тіркеледі. Ал Ертіс және Іле өзендері бастау алатын Қытаймен келіссөз жүргізу тіпті оңай болмай тұр. 

Мағзұм Мырзағалиев, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі: 
-Негізгі проблема трансшекаралық өзендердегі су ресурстарын бөлу келісімінің болмауында. Ашығын айту керек келіссөздер оңай емес. Дегенмен, Қытай шекара маңындағы ешбір елмен су бөлу жөнінде келіссөздер жүргізбейтінін ерекше атап өту керек. Қазақстан Қытаймен келіссөз жүргізіп жатқан алғашқы және жалғыз ел болып табылады. 

Сенат депутаттары осындай күрмеуі қиын мәселелерді шешу үшін арнайы ұсыныс та жасады. 

Дана Нұржігіт, ҚР Парламенті Сенатының депутаты: 
-Келіссөздерді жүргізетін кәсіби комиссия құрылу керек деп айтылды. Ол комиссияға ерекше мәртебе берілетін болады. Көршілес мемлекеттермен бір суды пайдаланып отырғаннан кейін, бір өзеннен су ішіп отырғаннан кейін біз бір-бірімізге көмектесіп жұмыстың мониторингін жүргізуге біздегі келісімшарттар мүмкіндік беруі керек. 

Ел ішінде суды пайдалану бойынша да проблемалар бар. Кей алқаптарға су жетпей құрғап жатқанда елдің кей бөлігінде елді мекендерді су басады. Оларды ретке келтіру үшін 9 өңірде 39 су қоймасын салу қажет дейді минситр. Ал Түркістан облысының әкімі судан келетін қауіпті азайту үшін Үкіметтен көмек сұрады.

Өмірзақ Шөкеев, Түркістан облысының әкімі: 
-Шұғыл түрде Шардара ауданында Шардара су қоймасының оң жақ жағалауынан өтімділігі секундына 1500 текше метр болатын апатты су қашыртқысын салу өте қажет. Бұл кезек күттірмейтін мәселенің зардабы екі облыстың әлеуметтік экономикалық жағдайының нашарлауына алып келуі мүмкін. 

Ал, төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильн су тасқыны қаупін төмендету жөнінде жаңа жол картасын әзірлеу қажет дейді. Оның есебінше бұл шара 450 елді мекендегі су басу қаупін жойып, 300-дей ауылға тілсіз жаудан төнетін қатерді азайтады.

Оңғар Алпысбайұлы


Су қауіпсіздігі Сенат Өзен бассейндері

Хабарламаларға жазылу