Байден жеңіске жақындаған сайын, Трамп шабуылы өрши түсті. Бірнеше сағат бұрын Ақ үйде брифинг өткізген президент демократтарды дауыс ұрлап жатыр деп айыптады.
Әлия Әшім, тілші:-Трамп сайлаудан кейінгі алғашқы брифингін ашық шабуылмен бастады. Демократтарды алаяқ деді. Себебі, олар сайлау нәтижесін бұрмалаған-мыс. Сайлауға заңсыз араласқандар ішінде ірі компаниялар мен баспасөз барын айтты. Тіпті, кей штаттарда сайлау кезінде жемқорлық болды деген Трамп өзінің таза жеңіске жеткеніне сенімді.
Дональд Трамп, АҚШ Президенті:-Заңды дауыстарды санасаңыз, менің жеңісім айқын. Демократтар сайлау күнінен кейін заңсыз дауыстар қосып, жеңісті бізден ұрламақшы. Бұған жол бере алмаймыз.
Мұндай айыптаулардан кейін кей телеарналар Трамптың тікелей эфирдегі брифингін үзіп тастап, соңына дейін көрсетпеді. Трамптың бұлай байбалам салуы бекер емес. Уақыт өткен сайын республикашылдар иемденген штаттар Байденге қарай бет бұрып жатыр.
Мысалы, сайлау аяқталған күні Трамп 10 пайызбен Пенсильванияны айқын ұтып тұрған. Бүгін Байден бұл штатта тек 1 пайызға артта. Осы сияқты тағы 3 штатта дауыс айырмасы көп емес. Осы қарқынмен кете берсе, Байденнің президент болатыны анық. Алайда, Трамп ол жағдайда Жоғарғы сотқа жүгінбек. Кей мамандар тіпті Трамп ұтылса, төрт жылдан соң президенттікке өз кандидатурасын тағы ұсынуы мүмкін деп отыр. Неде болса, Трамп оңай берілмейтін сияқты.
Әлия Әшім