Сонымен ертеңнен бастап Көкшетаудың кіреберіс жолдарына санитарлық бекеттер қойылады. Облыс бойынша барлық елді мекендерінде тұрғындарға кешкі 9-дан таңғы 6-ға дейін көшеге шығуға тыйым салынады. Ал 9-шы қарашадан бастап Петропавл, Павлодар қалалары карантинге жабылады. Қауіпті аймақ тізімін бастап тұрған Шығыс Қазақстан облысы аумағына 1-ші қарашадан бастап блок-бекеттер қойылды. 2-ші қарашадан Өскемен қаласына ұшатын әуе рейстері шектеліп, пойыздар саны да қысқарды. Шығыспен шектесетін Алматы облысының кіреберісіне де санитарлық бекет қойылды. Сондай-ақ, Қарағанды облысының шекаралық аумақтарындағы 3 санитарлық бекетте бақылау күшейді. Олар Қызылорда, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарымен жалғайтын күре жолдардың бойында.