Ресей коронавирусқа қарсы вакцинасын ДДСҰ-ға тіркеуге жіберді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ресей коронавирусқа қарсы вакцинасын ДДСҰ-ға тіркеуге жіберді

06.11.2020

Ресей «Спутник V» вакцинасын Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына тіркеуге жіберді. Ал келер айдың басында екпе жаппай салына бастамақ. Оны сатып алуға 20-дан астам ел өтініш білдірген. Бұл тізімде Қазақстан да бар. 

Андрей Абрамов алғашқылардың бірі болып, вакцина салдыруға келіскендердің бірі. Бірінші екпеден соң сегіз сағат өткенде басы айналып, дене қызуы көтерілген, тіпті сөйлеуге мұршасы келмей қалған.

Андрей Абрамов, қала тұрғыны:
36-40 сағат ауырып, дене қызуым көтеріліп жүрді. 21 күн өткен соң екінші екпені салуға шақырды, ол кезде аса қатты ауырмадым. Келісімге сәйкес, сынақ кезінде адам қайтыс болып кетсе, оның туыстарына 2 млн рубль өтемақы төленеді. Ал менен енді 180 күн өткен соң анализ алып, антиденелердің деңгейін анықтайды.

Гамалея атындағы орталық берген мәлімет бойынша, «Спутник V» екпесін 25 мың адам салдырған. Олардың 85 пайызында кері әсері байқалмаған. Мамандар коронавирусқа қарсы иммунитеттің адам ағзасында екі жылға дейін сақталатынын айтады.

Александр Гинцбург, Гамалея атындағы ғылыми-зерттеу орталығының директоры: 
Шамамен екі аптадан соң жүз мыңдаған вакцина шығара бастаймыз. Ал бір айдан соң миллион дозаға дейін жеткізу жоспарда бар. Яғни, 9-12 айдың ішінде Ресей халқының 70 пайызына вакцина егіледі.

Вакцина алдымен дәрігерлерге, мұғалімдерге, құқық қорғау қызметкерлеріне салынады. Шетелдіктерге, аллергияның ауыр түріне шалдыққан адамдарға егілмейді. 

Индира Бегайдар

Ресей коронавирус вакцина

Хабарламаларға жазылу