Ұрылардан әбден зәрезап болған қожалық иесі Ішкі істер министрінен көмек сұрады. Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданындағы Бозанбай ауылы тұрғынының өзінен ғана бір жазда 150-ге тарта қой ұрланған. Үйірімен жылқысын, табынымен сиырын үптеп кеткен. Қолды болған мал сол күйі табылмаған.
Шығыс Қазақстан облысы Бозанбай ауылының тұрғыны Ержан Сейтәшімұлы соңғы 2 жылда 26 бас жылқысы мен 150-ге тарта қойынан айырылды. Бір оның ғана емес, көршісінің де үйірімен жылқысын үптеп кеткен. Содан бері мал ізім-ғайым жоқ. Таяуда тағы бір табын сиырынан айырылып қалды.
Ержан Сейтәшімұлы, Бозанбай ауылының тұрғыны:-Ең соңғы рет қазанның 3-нен 4-не қараған түні 11 сиыр кетті. Полиция қызметкерлерінен ешқандай нәтиже жоқ. Келеді, кетеді, таба алмайды.
Әбден тауы шағылған шаруаның мал басын көбейтуге жүрегі дауаламайды. Енді қорасындағы қой мен сиырын да сатуға мәжбүр. Өйткені, жаз бойы жинаған малдың қыстық азығынан айырылып қалды.
Берік Көшербай, тілші:-Таяуда ғана белгісіз біреулер қысқа жинап қойған шөпті де өртеп жіберген. Мына жерде жиналып тұрған 400 рулоннан бар-жоғы 40-тан астамы ғана аман қалыпты.
Биыл Шығыстың көп жерінде шөп жөнді шықпады. Сондықтан, тірнектеп жиған мал азығы осылай жанып кеткеніне шаруаның іші удай ашып отыр. Полиция болса, өртелген шөп пен ұрланған мал бойынша тергеу жүріп жатқанын айтады.
Нұркен Көпжасаров, Ұлан аудандық полиция бөлімінің бастығы:- Мал ұрлығы бойынша ол кісіде 3 факті бар. Бүгінде 1 фактісі тергелуде. Осы айдың аяғына дейін оны сотқа жіберуге тырысамыз.
Бірақ, жергілікті жұрттың сеніміне селкеу түскен. Нағыз ұрылар ұсталмайынша, малда да, жанда да маза болмайды деп отыр.
Дәлелхан Сәбитов, шаруа қожалығының басшысы:-1-2 бас ұрлағандар ұсталады. Ал біздікі сияқты шаруашылықтардан 5-10 бас әкетеді, бірақ олар ұсталмайды. Ол мал қайда кетеді, қайда өткізеді, егер үстінде бір тірегі отырмаса.
Ұлан ауданында жыл басынан бері 32 мал ұрлығы тіркелген. Оның тек жартысы ғана ашылған.
Берік Көшербай