Данияда коронавирус мутациясына байланысты 17 млн қаракүзеннің көзі жойылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Данияда коронавирус мутациясына байланысты 17 млн қаракүзеннің көзі жойылады

05.11.2020

Әлемде коронавирус жұқтырғандар саны 48 миллионнан асты. Инфекция жан-жануарлардан да анықталып жатыр. Данияда қаракүзендерден ковид табылған соң, ел билігі 17 миллион жануардың көзін жоятынын хабарлады. Мамандардың айтуынша, олардан табылған вирустың мутацияланған түрін 12 фермер жұқтырған. Болжам бойынша, қаракүзендердің жойылуынан ел бюджеті $400 миллиондай шығынға ұшырайды. 

Эпидахуалдың ушығуынан Еуропа елдерінде карантин талаптары күн сайын күшейтілуде. Италияның бірнеше өңірінде локдаун жарияланып, коменданттық сағат енгізілді. Қатаң тәртіп бір айға созылмақ.

Ұлыбританияда да шектеу шаралары күшейтілді. Өткен тәулікте бұл елде індеттен 492 адам қайтыс болды. Дегенмен адамдар локдаун енгізілгенге дейін, соңғы мүмкіндікті пайдаланып, жаппай қыдыруға шыққан. Мейрамхана, барларда ине шаншар орын болмады. 

Ал Испанияда қайта енгізілген оқшаулау режимі салдарынан жұмыссыздық деңгейі артты. Ресми дерек бойынша, қазанда бұл көрсеткіш 1,31 пайызға өскен. Жалпы карантин басталғалы елде 4 миллиондай адам табыс көзінен айырылды. 

Жансая Қапасқызы

еуропа коронавирус

Хабарламаларға жазылу