Депутаттар Жамбыл облысы тұрғындарының табысын арттыру жобасын жалғастыруды ұсынды. Сенат депутаты Әбдәлі Нұралиевтің айтуынша, биыл белгілі себептермен жобаны қаржыландыру тоқтатылған. Айта кетейік, бұл жобаны алғаш рет Үкіметке таныстырып, қаржы алған Жамбыл облысының сол кездегі әкімі Асқар Мырзахметов еді.
«Облыс әкімдігінің есебі бойынша, аталған жоба аясында жалпы құны 46,4 млрд теңге болатын 31 мыңнан астам жоба іске асыру көзделген. Нәтижесінде 131 мың отбасы немесе 600 мыңнан астам адам айына орташа есеппен 128 мың теңге көлемінде тұрақты табыспен қамтамасыз етіледі. Бұл қазіргі табыс деңгейінен 3 есе артық. Ал ауыл шаруашылығы өнімі 34%-ға артады. Ет пен сүт өңдейтін кәсіпорындар жүктемесі 30%-ға ұлғаяды», - деді депутат.
Сондай-ақ сенатор бұл жобаның 10 ауданға қарасты 11 ауылдық округте іске асырып жатқанын, «Еңбек» бағдарламасы бойынша «Тараз» Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ арқылы жылдық 2,5 пайызбен 7,2 млрд теңге сомасына 2489 өтінім қаржыландырылғанын айтты.
«Өкінішке қарай, белгілі себептермен жобаны қаржыландыру 2020 жылы жалғасын таппады. Бүгінгі күні, жобаның екінші кезеңін іске асыру жоспарланып отыр. Пилоттық жобаның екінші кезеңін одан әрі іске асыру үшін қосымша 20 ауылдық округ (әр ауданнан 2 округтен) іріктеліп алынған, 3 631 жобаға қажетті қаражат мөлшері 11,5 млрд теңгені құрайды.
Жалпы, Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту жобасы - үлкен саяси әлеуметтік әлеуетке ие, уақытылы әрі қажетті жоба. Сонымен қатар бұл жоба жеке қосалқы шаруашылықтарды қолдауға және ауыл шаруашылығы кооперациясын дамытуға негізделген. Оның іске асырылуы ауыл тұрғындарының өмір сүру деңгейінің сапасын арттыруға және жер телімдерін пайдалану мен мал шаруашылығын дамыту бойынша жаңа мүмкіндіктер береді», - деген депутат Үкімет басшынан аталған жобаны қаржыландыру жұмыстарын жалғастыруды сұрады.