Атырауда 300 балаға арналған мектеп-интернаттың құрылысы басталмай жатып, тұралап қалды. Нысан жоспар бойынша биыл пайдалануға берілуі тиіс еді.
Мектеп салынады дегенде бөркін аспанға атқан ел-жұрттың қуанышы арада 1 жыл өткенде су сепкендей басылды. Өйткені, оқу ордасының құрылысы тоқтап қалған. Балаларын қала мен көрші ауылға апарып оқытатын тұрғындар ғимараттың уақытында тапсырылмағынына өкпелі.
Салтанат Нұриденова, тұрғын:- Біздің балаларымыздың бәрі қаладан барып оқиды. Кешкісін қорқамыз жетуі қиын. Таксиі бар.
Ануар Жаманқұлов, тұрғын:-Неге мектептің құрылысынан бюджеттің қаржысын алып отыр. Біздің келіспейтініміз осы.
Бүгінге дейін бөлінген 2 млрд теңгенің бар болғаны 5-ақ пайызы игерілген.
Жандос Темірғали, тілші:-Құрылысы басталмай жатып тұралап қалған мектептің бүгінгі сиқы осындай. Қабырасы түгіл, іргетасы да жөндеп қаланбаған. Құрылыс алаңында бір трактордан басқа қыбырлаған жан жоқ.
Облыстық бюджеттегі қаржы тапшылығы – құрылыстың жүруіне тұсау салып тұр. Індет өршіген тұста, мектепке бөлінген ақша маңызды шаруаларға жұмсалған. Әкімдіктегілер олқылықты тез арада жөндейміз деп отыр.
Нұрлыбек Сақпаров, облыстық құрылыс басқармасының бөлім басшысы:-Жылдың аяғына дейін қалған екі айдың ішінде қаржыландыру мәселесі шешіледі. Алдымыздағы жылдың ақпан-наурыз айларында құрылыс-монтаждау жұмыстары қайтадан жанданады деп күтудеміз.
Өңірде індет кесірінен құрылысы тұралап қалған 10-ға жуық әлеуметтік нысан бар. Олардың да мәселесі келер жылдың алғашқы тоқсанында шешілмек. Әзірге, білім ордасына мұқтаж Жаңаталаптықтардың көңіліне тек мектеп іргетасы медеу болып тұр.
Жандос Темірғали