Елорда әкімдігі ақылы тұрақтарға жауапты компаниямен келісімшартты бұзбақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елорда әкімдігі ақылы тұрақтарға жауапты компаниямен келісімшартты бұзбақ

04.11.2020

Елорда әкімдігі «Парковочное пространство» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен келісімшартты бұзу туралы сотқа арыз берді. Өйткені, ақылы тұрақтарға жауапты компания тиісті міндеттемелерді орындамаған және заңсыз ақша жинаған. Бірақ, аталған кәсіпорын әкімдікпен келіспейтінін ашық айтты. 

Елордадағы ақылы тұрақтарға қатысты ел пікірі екі жылдан бері қақ жарылып тұрған. Бүгін тағы шу шықты. Әкімдік жауапты компаниямен шартты бұзып, жобаны осы жерден тоқтата тұратынын хабарлады. Себебі, кәсіпорын паркоматтарды, белгілер мен ақпараттық тақталарды заңсыз орнатқан. Сондай-ақ, тұрақтарда төлемдердің заңсыз жиналғаны белгілі болды.

Марат Есіркепов, Қалалық жол қозғалысы қауіпсіздігі және көлік инфрақұрылымы бөлімі жетекшісінің міндетін атқарушы: 
- «Парковочное пространство» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қазір жұмыс істемеуі тиіс. Ал, азаматтар «Нұржол» бульварынан басқа жердегі тұрақтарға ақша төлемесе болады. Одан бөлек, мемлекеттік кірістер департаментіне хат жолдадық. Онда жүргізушілерден заңсыз жиналған ақшаларды қайтару қарастырылған. 

Ал, жауапты компания бұл ақпаратты жоққа шығарды. Тіпті, жұмысын ары қарай жалғастыратынын айтып, әкімдік бізге кедергі келтіріп отыр,-деп мәлімдеді.

Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасын іске асыруға кедергі келтіруде. Әкімдік тарапынан шартты бұзуға қатысты ресми хабарламалар болған жоқ. Сондықтан «Парковочное пространство Астаны» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мемлекеттік жеке меншік серіктестік шартында бекітілген кестеге сәйкес жобаны іске асыратынын ресми түрде мәлімдейді.

Осылай, мәселе шиеленісіп тұр. Екі тараптың қайсысының уәжі дұрыс екенін енді сот анықтайды. Ал, ақылы тұрақтарды зерттеп жүрген қоғамдық ұйым өкілі жобаны іске асыруда заңсыз әрекеттер көп екенін анықтаған.

Файзолла Қаменов, республикалық қоғамдық бірлестік төрағасы: 
-Осы жағдайды біз зерттей келе тұрғын үйлердің жанындағы ақылы тұрақтардың негізі заңсыз екенін баяндадық. Бақыладық. Өйткені серіктестіктің негізі әкімдікпен келісімі бар, бірақ олардың әкімдіктің қаулысы жоқ. Бұл жағдайда алып жатқан ақшалардың бәрі қандай, қайда кетіп жатқаны белгісіз. 

Жоба 2018 жылы «Нұржол» бульварынан басталған еді. Соңғы уақытта көшелер ғана емес үйлердің іргесіне де паркоматтар қойыла бастады. Осыған наразы топ жобаны іске асырушыларға үш талап қойып отыр. Біріншіден, ірі сауда орындарынан алыс үйлердің қасына ақылы тұрақ жасамау. Екінші паркомат қойған күннің өзінде сол үйдің тұрғындары үшін ақысыз болуы тиіс. Ал, үшіншісі тұрақты бастапқы 30 минутта және кешкі сағат 5 жарымнан кейін тегін қылу.

Амангелді Сейітхан


Елорда әкімдігі ақылы тұрақт

Хабарламаларға жазылу