Тоғжанов аймақтардағы ПТР зертханалардың мүмкіндіктерін кеңейтуді тапсырды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тоғжанов аймақтардағы ПТР зертханалардың мүмкіндіктерін кеңейтуді тапсырды

04.11.2020

Өңірлерде кесел жұқтырғандардың саны күннен-күнге көбейіп барады. Бүгін Ақмола және Павлодар облыстарына арнайы барған Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов індеттің екінші толқынына дайындықты пысықтады.    

Ақмола облысында соңғы аптада індет жұқтырғандар саны 2,7 пайызға өскен. Көкшетаудағы жағдай тіпті, күрделі. Сондықтан 7-інші қарашадан бастап қаланың айналасына санитарлық бекеттер қойылмақ. 9-ыншы қарашада қалаға кіріп-шығу шектеліп, блок-бекеттер қойылады. Вице-Премьер науқастармен байланыста болғандарды қадағалауды күшейтіп, ПТР зертханалардың мүмкіндіктерін кеңейту керектігін де тапсырды.

Ералы Тоғжанов, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары: 
-Бақылауды күшейтетін жерде күшейту керек. Нақты шаралар қабылдау керек болса, онды да ақылдасып қабылдауымыз керек. Біраз ұсыныстар да бар. Оны да отырып ақылдасамыз. Ахуал күрделігі жағынан тағы көтеріліп келе жатыр. Айналамыздағы, дүниежүзіндегі деректерді көріп отырсыздар.   

Көкшетаудағы 200 орындық жаңа модульдік инфекциялық ауруханада вирус жұқтырғандарды емдеуге арналған озық құрал-жабдықтар, жасанды тыныс алу аппараттары түгел бар. Медициналық мекеменің мүмкіндігімен танысқан Ералы Тоғжанов «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында жөнделген нысандарды да аралап көрді.

Ал Павлодарда 9-шы қарашадан бастап қаланың кіреберіс жолдарына блок-бекеттер қойылады. Елді мекендерде науқас саны 10-нан асса санитарлық бекет орнатылады. Сондай-ақ, Алматы-Нұр-Сұлтан Шымкентке қатынайтын ұшақтар саны қысқарады. Алматыға баратын пойыздар саны да шектеледі.

Шектеу шараларын күшейтуді тапсырған Үкімет басшысының орынбасары облыс орталығындағы ауруханалар мен емханаларға барды. Жедел жәрдем қызметінің паркі жақында жаңа реанимобильдермен толықты. Жыл аяғына дейін қолданыстағы көліктер жаңартылмақ.

Қанадан Ахметжанов, облыстық жедел жәрдем станциясының бас дәрігері  
-Біз қала ішіндегі шақыртуларға 7 минуттың ішінде барамыз. Ал, республикалық деңгейдегі тас жолдарда болатын көлік апаты немесе басқадай жазатайым жағдайлар кезінде жедел жәрдем 11,5 минут ішінде жетеді. 

Соңғы екі тәулікте аймақта 111 адам вирус жұқтырған. Қыркүйек айынан бастап кезекші сыныптарға барған 39 бала індетке шалдықты. Жағдай ушықса мекемелердегі қызметкерлердің кемінде 80 пайызы қашықтан жұмыс істеуі тиіс, сауда үйлері, қоғамдық тамақтандыру орындары жұмыс уақытын қысқарту керек. Ал, діни нысандар, театр, кинотеатрлар уақытша жабылады.

Ермек Елберген 


Тоғжанов ПТР зертхана

Хабарламаларға жазылу