Депутаттық сауал: Шағын және орта бизнесті 6 пайызбен қайта қаржыландыру қажет - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Депутаттық сауал: Шағын және орта бизнесті 6 пайызбен қайта қаржыландыру қажет

04.11.2020

Пандемиядан зардап шеккен шағын- орта бизнес иелеріне нақты қолдау қажет. Мәжіліс депутаты Азат Перуашев Премьер-Министрдің атына депутаттық сауал жолдады. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауда кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған мемлекеттік субсидиялау бағдарламасының көлемі 800 млрд теңгеге жететінін хабарлаған. Бұл жаңалыққа кәсіп өкілдері қуанғанымен тапсырма жүйелі жүзеге асқан жоқ. Депутаттың дерегінше, пандемиядан 1 миллионнан астам бизнес өкілі зардап шекті. Бұл жалпы кәсіпкерлердің үштен екісін құрайды. Шектеулерге байланысты 430 мыңнан астам кәсіпкер жұмысын тоқтатты. Басым бөлігі әлі күнге дейін қызметін жандандырған жоқ. Әсіресе көлік, сауда және қызмет көрсету, қоғамдық тамақтану, қонақ үй бизнесі, жылжымайтын мүлікпен байланысты салалар шығынға батты. Алайда шағын және орта бизнес өкілдерінің кредиттерін қайта қаржыландыру жүргізілмей отыр.  

Азат Перуашев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: 
 -Осыған орай Үкіметтен, Ұлттық банктен және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінен зардап шеккен барлық шағын және орта бизнестің кредиттерін 6 пайызбен қайта қаржыландыруды шұғыл, бастауды өтінеміз. Президент Жолдауының орындалуын қадағаламаған лауазымды тұлғаларды анықтап, жауапкершілікке тартуды сұраймыз.  

Раушан Сайлауқызы  


Депутаттық сауал Азат Перуашев

Хабарламаларға жазылу