Теледидар мен интернетте көрсетіліп жүрген отандық мультфильмдердің көркемдік деңгейі көңіл көншітпейді. Мәжілістің жалпы отырысында депутат Кәрібай Мұсырман осылай деп Үкімет басшысының орынбасарына депутаттық сауал жолдады.
Ол «Алдар көсе», «Ертөстік» сияқты мультфильмдерде халқымыздың ауыз әдебиетіндегі сүйікті кейіпкерлерінің образдары бұрмаланып, ұлттық құндылықтарымыз аяққа басылғанын қадап айтты.
«Алдар көсе» мултьфильмінде бір кемпір үйіне көңілдесін кіргізіп алып, шалын ұрып-соғып қуып жібереді. Бұл ойдан шығарылған, ұлтымыздың дәстүріне жат қылық емес пе? Оны көрген бала қандай тәлім алады? Ал «Ертөстік» мультфильмінде қазақ кісі етін жейтін каннибал ретінде сипатталғандығы жағаңды ұстатарлық жағдай емес пе? Ұлы ойшыл, ақын Абай туралы орыс тіліндегі 9 сериялы мультфильмнің атауы «Жауынгер жолы» («Путь воина») екен. Сол атауына сәйкес Абай бабамыз көшеде кетіп бара жатқан жалғыз қызға жабылған бұзақылармен төбелеседі. Тіпті аюмен де алысып, жеңіп шығады. Бұл мультфильмнің идеялық-көркемдік деңгейі, міне, осындай», - дейді депутат.
Сондай-ақ Кәрібай Мұсырман ел телеарналарынан көрсетілетін, басқа тілдерден қазақ тіліне аударылған мультфильмдердің сапасы да сын көтермейтінін тілге тиек етті. Оның айтуынша, олардың аудармалары мен дыбысталуы бала санасы мен талғамына сай келе бермейді екен.
«Бізде шығарылатын мултьфильмдер саны да мардымсыз. Мәдениет және спорт министрлігінің берген мәліметіне сүйенсек, анимациялық фильмдердің негізгі өндірушісі Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» акционерлік қоғамы базасында құрылған «Анимациялық кино» шығармашылық-өндірістік бірлестігі кейінгі 3 жыл ішінде жалпы сомасы 610 миллион теңгені құраған мемлекеттік тапсырыс бойынша небәрі 6 мультфильм шығарған. Бұл ретте көршілес Ресей Федерациясында мемлекеттік тапсырыс аясында жыл сайын жүзшақты шығатынын айтқан жөн», - деді ол.
«Мәдениет және спорт министрлігіне алдағы жылы ұлттық фильмдер шығару үшін республикалық бюджеттен 1 миллиард 159 миллион тенге бөлініп отыр. Осы қаржының елеулі бөлігін анимациялық фильмдерді шығаруға жұмсаған жөн болар еді», - деген ұсынысын да білдірді.
Сонымен қатар депутат отандық анимациялық фильмдер санын көбейту мақсатында оларды шығаруға арналған мемлекеттік тапсырыс көлемін арттыру керектігін, анимациялық фильмдер шығаратын телеарналардың өнімдерін және басқа тілдерден қазақ тіліне аударылған анимациялық фильмдердің деңгейін және бала тәрбиесіне әсерін анықтайтын көркемдік кеңестер құру қажеттігін айтты.