COVID-19: Шығыс Қазақстан облысы «қауіпті аймаққа» кірді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

COVID-19: Шығыс Қазақстан облысы «қауіпті аймаққа» кірді

03.11.2020

Шығыс Қазақстан облысы коронавирустың таралу қарқыны бойынша «қауіпті аймаққа» кірді. Қазір бұл өңірде вирус жұқтырғандар саны 10 мыңнан асып кетті. Тек соңғы тәулікте 226 науқас тіркелді. Облыста соңғы 2 күннен бері ПТР-тест тапсыру машақатқа айналды Жүздеген адамды әуре сарсаңға салған жеке зертханалардың жұмысын облыс әкімі қатаң сынға алды.  

Шығыс Қазақстанда 49 жолаушы ПТР анықтамасы болмағаны үшін Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қаласына қатынайтын ұшақтарға жіберілмеді. 200 адам пойызға міне алмады. Облыс аумағынан тек ПТР-тест нәтижесімен шығу талабы көпшіліктің көңілінен шықпады.

Жедел тапсырамын дегендерге 20 мың теңге төлеу керек. Бірақ ПТР-тестің бағасы ғана емес, сапасына да күмән бар. Таяуда аймақтағы жеке зертханалар жалған нәтиже береді деп шу шықты.

Райфа Сафиоллинова, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары: 
-Қазір біз ол жағдайларды тексеріп жатырмыз. Мысалы, жеке зертханада тексерілген адамдардың нәтижесі оң болған. Бірақ оны растап, қайта тест тапсырғанда теріс болып шыққан. Мұндай деректер бар, қазір бұл сұрақпен айналысып жатырмыз.  

ПТР-тест жасайтын жеке компанияларға лицензияны тауарлар мен қызметтердің сапасын бақылау департаменті береді. Бірақ, облыс әкімінің пікірінше, бұл мекеме тарапынан осы бағытта дұрыс бақылау жоқ.

Даниал Ахметов, облыс әкімі: 
-Адамдардың бір тәуліктен бастап 36-45 күнге дейін тест нәтижесін күткені барып тұрған бассыздық. Коронавируспен тиімді күресуде жылдам жұмыс істеу өте маңызды. Бірақ, не үшін екенін түсінбеймін, мүмкін тек коммерциялық мақсатта ПТР зертханасы бар жеке компаниялар осы шаруаны тежейді.  

Бүгінде Шығыс Қазақстанда 10 ПТР зертхана бар. Олар тәулігіне 7 000 адамды тексере алады. Қазір облыста барлығы 78 мың тест бар. Мамандардың пікірінше, бұл қор кем дегенде 3 айға жетеді. Демек, тапшылық жоқ. Ал облыста карантин күшейтіп, санитарлық бекеттер қойылғанымен, көп жерде дәрігерлер көрінбейді. Көліктер емін-еркін өтіп жатыр.

Берік Көшербай


COVID-19 Шығыс Қазақстан облысы қауіпті аймақ

Хабарламаларға жазылу