Елордада 400-ге жуық сотталушы абақтыға қамалмай, жазасын қара жұмыспен өтеп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордада 400-ге жуық сотталушы абақтыға қамалмай, жазасын қара жұмыспен өтеп жатыр

03.11.2020

Елордадағы 400-ге жуық сотталушы жазасын жұмыс істеп өтеп жатыр. Яғни, олар түрмеге қамалған жоқ. Сот шешіміне сәйкес, белгіленген уақыт бойынша еңбек етуі тиіс. Қылмыстық атқару жүйесі департаменті бұл тәжірибенің тиімді екенін айтады. Айыпталушылардың басым бөлігі мас күйінде көлік жүргізген. Есірткі сақтап, ұсталғандар да бар. 

Елорда аумағында 2,5 мыңға жуық сотталушы жазасын өтесе, солардың 400-і түрмеге қамалмаған. Қоғамдық жұмысқа тартылды. Бұл жаза түрі елімізде бұрыннан бар. Яғни, айыпты азаматтың кінәсі дәлелденсе, сот шешімімен мәжбүрлі еңбекке жегіледі. Мысалы, есірткі сақтап ұсталған Мерей Абдулиннің жазасы - 23 сағат. Енді ол күнде қара жұмыс істеп, жазасын өтеуі тиіс.  

Мерей Абдуллин, жазасын өтеуші:
Қазіргі уақытта өз кінәмді толық түсіндім. Сот тағайындаған 23 сағатымды істеп жатырмын. Өз ісіме өкінемін. Біздің қаламызды көркейтуге біздің жұмыс пайдалы деп санаймын. Мен азаматтарды жаман жолға түспеуге шақырамын. 

Сотталушылар көше сыпырады. Көгалдандыру жұмысына қатысады. Қыста қар тазалайды. Қылмыстық атқару жүйесі департаменті елорададағы тазалық мекемелерімен келісім жасап, жұмыс жоспарын белгілеп қойған. Мұндай жазадан зейнеткерлер, үш жасқа дейінгі балалары бар азаматтар мен мүмкіндігі шектеулі жандар босатылады. Ал жұмыс істейтін азаматтар күніне 4 сағат, жұмысы жоқтар 8 сағат көше сыпыруы тиіс.   

Ернат Ақылжанов, Нұр-Сұлтан қаласы Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің бастығы:
бас бостандығынан айыру орындарынан гөрі, үкіметтің қаражатын пайдаланғаннан гөріосындай жаза түрлері болған дұрыс. Туған туыстары, көрші қолаңдары, көшеде жүрген азаматтар осыларды көріп қылмысқа бармайды деп ойлаймын. 

Жұмыстан қашып, жазаны орындаудан жалтарғандар да жоқ емес. Жыл басынан бері 4 сотталушы тәртіпке бағынбаған. Енді олар осы әрекетінің кесірінен жазасын абақтыда өтейді. Айтпақшы, жазаның мұндай түрі кей шенеуніктерге де тағайындалыпты. Қылмыстық атқару жүйесі оларды бөліп-жарып жатқан жоқ. Сотталушылардың барлығы бірдей, жазасын өтей отырып, тазалық жұмыстарына тартылады.

Раушан Сайлауқызы

сотталушы жаза қара жұмыс

Хабарламаларға жазылу