Президент «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының VII съезіне қатысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының VII съезіне қатысты

29.10.2020

Кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан қолдау артады. Бүгін Мемлекет басшысы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының VII съезіне қатысты. Қасым-Жомарт Тоқаев отандық өнім көлемін ұлғайту және қайта өңдеу өнеркәсібін қолдау мәселелері басты назарда болатынын айтты. 

Коронадағдарыстың салқыны тимеген сала жоқ. Әсіресе шағын бизнес шатқаяқтады. Ал біздегі экономиканың негізгі драйвері – осы шағын кәсіп. Соңғы 5 жыл ішінде үлесі 24-тен 32 пайызға артты. Қазіргідей қиын жағдайда алдымен осы салаға қолдау күшейді. Бірқатар шара қабылданып, кәсіпкерліктің 700-ден астам субъектісі салық төлеуден босатылды. Жыл соңына дейін жалға алу төлемдеріне де жеңілдік жасалды. Қатты зардап шеккен секторлар үшін бюджеттен тыс барлық қорларға аударымдар жіберу тоқтатылды. Аса қатты зардап шеккен шағын және орта бизнес субъектілерінің несиелері жылына 6 пайызға дейінгі мөлшерлемемен субсидияланып жатыр. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 
-Үкімет пен Ұлттық банкке «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасын 2021 жылдың аяғына дейін ұзартуды тапсырамын. Бұл ретте бірінші кезеңді іске асыру барысында анықталған кемшіліктерді ескеру қажет.

Президент өңірлерге бөлінетін қаражаттың тиімді бөлінуін қатаң тапсырды. Ақшаны оңды-солды желге ұшыруға немесе бармақбастылыққа жол берілмеу керектігін ескертті. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 
-Қаражаттардың бір бөлігін микро несие беруге жұмсауға болады. Үкімет пен Ұлттық банк 1 желтоқсанға дейін нақты ұсыныстар беруі тиіс. Ұлттық палата дағдарысқа қарсы шараларды әзірлеу мен оларды іске асыруда біршама қолдау көрсеткенін атап өткім келеді. Медицина тілімен айтсақ, біз бірлесе отырып проблемаға дұрыс диагноз қойып, емдеудің қажетті шараларын қабылдай алдық. 

Пандемия мен дағдарыс Қазақстанның алдына жаңа міндеттер қойып отыр. Елдегі бизнес жүргізудің шарттарын жақсарта түсу қажет. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Біз құқық қорғау және сот жүйелерін реформалауды бастадық. Реформа жедел, ашық және тиімді болуы тиіс. Бұл жұмысты өзім тікелей қадағалаймын. Мұндай күрделі, жабық жүйелерді, оның ішінде бизнестің құқықтары мен мүдделерін қорғай отырып өзгерту қажет. Сондықтан «Атамекеннен» нақты ұсыныстар күтемін. Құқық қорғау органдарының барша қызметкерлері, инспектордан бастап генералға дейін елімізде қолайлы бизнес ахуалды қалыптастыру жұмысының толыққанды қатысушылары екендерін сезінулері тиіс. 

Отандық өнім көлемін ұлғайту және қайта өңдеу өнеркәсібін қолдау мәселелері басты назардан түспеуі керек. Президент әсіресе ауыл шаруашылығындағы әлеуетімізді дұрыс пайдалану керектігін айтты. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Агроөнеркәсіп кешені бойынша бағдарламалық құжаттың әзірленуін тікелей қадағалап отыратын боламын. Бұл ретте шенеуніктердің де, кәсіпкерлердің де, сарапшылардың да пікірін тыңдаймын. Өйткені ауыл шаруашылығының әлеуетін көтеретін кез жетті. Олай болмаған жағдайда экономикамыз үшін өкінішке ұрындыратын теріс салдар орын алуы мүмкін.

Қасым-Жомарт Тоқаев отандық компанияларды белсенді түрде сыртқы нарықтарға шығуға шақырды. Қазақстан келер жылы шикізаттық емес экспорттың көлемін 29 миллиард долларға дейін арттыруды көздеп отыр. Алайда бизнес сектор да жаңа талаптарға тез бейімделуі керек. Кәсіпкерлер өз бизнесін жаңғыртуға назар аударуға тиіс. Жұмыс орындарын ашып, табысын ұлғайтуы қажет. Ең алдымен бұл мемлекеттен қаржылай көмек алатын кәсіпорындардың міндеті, – деді Президент. Мемлекет басшысы сондай-ақ, ел экономикасын цифрландыру қарқынын сақтау керектігін де ескертті. 

Асима Нұрбайқызы 

Президент «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы съез отандық өнім шағын бизнес

Хабарламаларға жазылу