Интернет сапасы нашар болса операторларға айыппұл салынады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Интернет сапасы нашар болса операторларға айыппұл салынады

29.10.2020

Интернеттің нашар сапасы үшін енді операторлар қомақты айыппұл төлеуі мүмкін. Салалық министр Бағдат Мусин еліміздегі ғаламтор жылдамдығы қашан және қалай жақсаратыны туралы айтты. 

Шерхан Жамбылұлы, тілші:
5G бүкіл ел тұрғындары үшін жақын арада қолжетімді болмайды. «Ал Шымкент, Алматы және елорда тұрғындары 2022 жылға дейін жылдам мобильді ғаламторға қосылады», - дейді министр. Жұмыс кезең-кезеңмен 3 және 4G-ді өшірмей жүргізіледі. «Жалпы ірі қалалардағы интернеттің сапасына қатысты проблемалар бір жыл ішінде шешіледі», - деді Бағдат Мусин. Ал 5G тұрмақ, 3G-ге қол жеткізе алмай жүрген ауыл-аймақтағы интернет мәселесіне қатысты нақты бір даталар айтылған жоқ. Еліміздегі интернет сапасын арттыру үшін бірнеше бағытта жұмыстар қолға алынған. Соның бірі операторларға сапасыз қызмет көрсеткені үшін айыппұл салу көзделіп отыр.
Бағдат Мусин, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:
Байланыс операторлары мен провайдерлер үшін біз нақты параметрлерді бекітеміз. Яғни, секундына ең төменгі мегабит жылдамдығы жазылады. Осы сапа шарттарын орындамағандар айыппұл төлейді. Ал ол қазіргідей 100 айлық есептік көрсеткіш емес одан бірнеше есе көп болады.
Шерхан Жамбылұлы, тілші:
Сондай-ақ енді жаңа көпқабатты тұрғын-үйлерге оптикалық желі жүргізілмесе, ол үй қолданысқа берілмейді. Осылайша газ, су, жарық секілді кабельді интернеттің болуы заңдылыққа айналады. Әрі радиожиілікті меншігіне алып, пайдаланбай жатқандармен күрес күшейеді. Есесіне ол радиожиіліктер операторларға 90 процент жеңілдікпен берілмек. Ал операторлар үнемделген қаржыны инфрақұрылымды жақсартуға жұмсауы керек. Осылайша министрлік интернет мәселесін бюджет есебінен емесе бизнестің арқасында жақсартып алуды көздеп отыр. 


интернет брифинг Бағдат Мусин

Хабарламаларға жазылу