ШҚО тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының міндетін атқарушы Талғат Тұңғышбаевтың айтуынша, бір тәулік ішінде өңірде 139 адамнан коронавирус анықталған. Осылайша 100 мың тұрғынға шаққандағы көрсеткіш жалпы республикалық деңгейден асып, 683,6 адамды құрап отыр.
«Облыстағы эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауының негізгі себептері – тұрғындар мен кәсіпкерлік субъектілерінің эпидемияға қарсы шектеу шараларын сақтамауы, сондай-ақ көршілес елдерден келетін жолаушылар мен тауар тасымалының көптігі. Осыған байланысты Үкіметпен келісе отырып, 1 қарашадан бастап аймақ шекарасына блок-бекеттер қойылады. Өңір басшылығы күшейтілген карантин кезінде облыс халқының қалыпты тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараны қабылдайды», - деді Талғат Тұңғышбаев.
Сондай-ақ, алдағы уақытта кәсіпорындар, азық-түлік дүкендері, дәріханалар, банктер, ХҚКО-лар жұмыс істей береді.
«Біз бизнесті карантиннің салдарынан қорғауға тырысамыз. Жаңа қаулы жақын арада жарияланады», - деді департамент басшысының міндетін атқарушы.