Ауыл тұрғындарына медициналық қызмет көрсетуді жетілдіру қажет. Бұл мәселе бүгін Қарағандыда өткен дөңгелек үстелде талқыланды. Қауіпті індет өршіген кезде ауылдағы жұрт лайықты дәрігерлік көмек пен қажетті препараттарды уақытылы ала алмады. Көп жерде дәріхана жоқ. «Ауыл» партиясының мүшелері үш ай бойы 200-ден астам шалғай елді мекендерді аралап, ондағы басты проблемаларды анықтады. Бірқатар елді мекендерде интернет пен телекоммуникация жоқ. Фельдшерлік пункттер мен отбасылық амбулаторияларда маман тапшы. Жас мамандар ауылға тұрақтамайды. Партия мүшелері осы түйткілді шешудің бірқатар тетіктерін ұсынып отыр.
Серғазы Әдекенов, «Ауыл» ХДПП облыстық филиалының төрағасы:
Ауылға баратын жас медицина мамандарын тұрақтандыру, яғни жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету, жалақы мәселесін шешу.
«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы мен Қазақстан агроөнеркәсіп кешені қауымдастықтары күш біріктіруге ниетті. Мақсат - аграрлық саладағы түйткілді мәселелерді тиімді шешу. Осы бағытта екі жақты ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойылды. Шара шеңберінде 2022-27 жылдарға арналған агроөнеркәсіпті дамыту тұжырымдамасы талқыланды.
Дарын Сағитов