Денсаулық сақтау министрлігі дәрігерлердің арқасына пышақ қадады -Азат Перуашев - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Денсаулық сақтау министрлігі дәрігерлердің арқасына пышақ қадады -Азат Перуашев

28.10.2020
Денсаулық сақтау министрлігі дәрігерлердің арқасына пышақ қадады -Азат Перуашев

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Ақ Жол» фракциясының жетекшісі Азат Перуашев Үкіметке депутаттық сауал жолдап, коронавирус жұқтырған дәрігерлерге төленетін қосымша өтемақыны қайтармасақ, желтоқсан-қаңтар айларында бармақ тістеп қалуымыз мүмкін дейді.  

Айта кетейік, бір апта бұрын Денсаулық сақтау министрлігі коронавирус инфекциясын жұқтырған дәрігерлерге енді өтемақы төленбейтінін мәлім еткен.  

«Осы жылдың 21 қазанында Денсаулық сақтау вице-министрі Марат Шорановтың айтқан сөзін тікелей оқып берейін: «Бұл сақтандыратын жағдай емес, өтемақы төтенше жағдай мен карантин кезінде ғана күшінде болған бір реттік төлем еді. Қазір ауруханаларда адам аз, дәрігерлер арасында қаза табу тәуекелі нөлге тең. Егер дәрігерлер мен медқызметкерлер ауру жұқтырып алса, олар кәсіподақ немесе жергілікті атқарушы органдардан қолдау іздеуіне болады», - деді Шорановтың сөзін оқыған депутат.  

Бірақ, Азат Перуашев атап өткендей, Денсаудық сақтау министрлігінің осы шешімінен екі апта бұрын Президент Тоқаев коронавирус пандемиясының екінші толқынына дайындалу туралы кеңес өткізіп, бүкіл медқызметкерлерге кешіктірмей өтемақы төлеуді бұйырған болатын. Және Президент «дәрігерлер өздеріне тиесілі ақшаны қарыз сұрағандай, сұрамасын» деген еді.

Сондықтан, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев Денсаулық сақтау министрінің бұл әрекеті үлкен қателік екенін және Үкімет тез арада қатені түзеп, дәрігерлерге өтемақы тағайындауды жалғастыру керек екенін айтып отыр.

«Ақ жол» фракциясының депутаттарына өзгенің өмірін құтқарамын деп, коронавируспен күресте өздері де ауырған, ең қиын сәтте отбасыларын апталап, айлап көрмеген дәрігерлер өтемақыға қатысты бюрократия шаршатқанын айтып хабарласады. Ал, Денсаулық сақтау министрлігінің Президенттің тапсырмасы мен қоғам наразылығына берген жауабы осы. Әлемде жағдай ушығып жатқанда, мемлекет дәрігерлерін одан сайын қолдауы тиіс.

 Оның орнына шенеуніктер адал жандардың арқаларына пышақ қадап отыр. Дәрігерлер мына мемлекетке біздің ерлігіміз, құрбандығымыз бен мейіріміміз керек пе деп ойласа, таң қалмаймын. Сондықтан, Үкімет осы мәселені жан-жақты қарап, дәрігерлердің өтемақысын сақтап қалсыншы деген өтінішімізді айтамыз», - деді бір топ депутаттың қолымен келген сауалды жариялаған Перуашев.


Азат Перуашев ДСМ коронавирус дәрігерлер өтемақы

Хабарламаларға жазылу