Франция үкіметі елді карантин туралы шешімге әзір болуға үндеп отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Франция үкіметі елді карантин туралы шешімге әзір болуға үндеп отыр

27.10.2020

АҚШ, Ресей, Франция мен жер шарының солтүстік бөлігіндегі өзге мемлекеттерде коронавирус жұқтырғандар саны рекордтық көрсеткішке жетті. Әсіресе, Францияда ахуал қиын. Жексенбі күні ковид 50 мыңнан астам адамнан табылды. Париждік профессор Жан-Франсуа Дельфроссидің есебінше, мұнда күн сайын 100 мыңдай тұрғын жұқтырып жатқан болуы мүмкін дейді. Жалпы Қарт құрлықта Covid-19-дан қайтыс болғандар 250 мыңнан асып кеткен. Эпид ахуал тым нашарлағандықтан, француз үкіметі елді карантин туралы шешімге әзір болуға үндеп отыр.

Жеральд Дарманен, Франция ішкі істер министрі:
-Меніңше, үстел үстінде жатқан жоспарлар бар. Олардың не жайында екенін айта алмаймын. Себебі, денсаулық сақтау министрі емеспін. Дегенмен, Батыста, Солтүстік жарты шарда вирустан қатты зардап шеккен Ирландия, Испания, Құрама Штаттар тәрізді елдер қайтадан жабылып жатыр. Біз де халықтың денсаулығын сақтауға тиіспіз. Барлық көршілеріміз сияқты бізге де қиын шешімді күтуге тура келуі мүмкін. 

АҚШ-та науқастар саны өткен аптада 24 пайызға өсті. Ал, Ресейде коронавирус 17 мыңнан астам адамнан табылып, соңғы тәулікте жұқпалы аурудан 320 тұрғын көз жұмды. Осыған байланысты Ресейде маска тағу автотұрақтарда, элеваторларда, таксиде, қоғамдық көлікте міндетке айналғанымен, үкімет көктемдегідей бүкіл Федерация аумағында карантин жарияламайтынын мәлімдеп отыр.

Арыстан Рысбек

Франция карантин Еуропа коронавирус

Хабарламаларға жазылу