Мамин: 2025 жылға қарай ауыз су мәселесі толық шешіледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мамин: 2025 жылға қарай ауыз су мәселесі толық шешіледі

27.10.2020

Елімізде мыңнан астам ауыл ауыз суға жарымай отыр. Ішерге су таппаған жұрт әсіресе Қостанай, Жамбыл мен Павлодар облыстарында көп. Бүгін Үкіметте елді мекендерге тіршілік көзін жеткізу мәселесі талқыланды. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің айтуынша, ол үшін 900 миллиард теңгеден астам ақша және 5 жылдай уақыт қажет. 

Түк жоқ деп шағымданып жатқан Алматы маңындағы Ұзынағаш ауылының тұрғындары. Елді мекеннің бір бөлігінде газ бен жолды айтпағанда, қарапайым су жоқ. Жұрт оны өзеннен алып жүр. 

Әбдусаид Ергешов, Ұзынағаш ауылының тұрғыны: 
-Суымыз турасын айтсақ, қара балшық болып кеткен. Сол суды ішіп күн көріп жатырмыз. 

Ал бұл Павлодар облысы Май ауданындағы Шыған елді мекені. Ауыл ауыл болғалы су жоқ. Ауданға су құбырын тарту 10 жыл бұрын басталған. Сарыла күткен су жыл басында келеді деп еді, әлі жоқ. 

Болатбек Жайлаубай, ауыл тұрғыны: 
- Бұл суды күткелі 8 ай болды. Биылғы жылдың наурызынан келеді деген әлі жоқ. 

Осылай тіршілік нәріне жарымай отырған ауылдардың жайы Үкіметте айтылды. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі әсіресе Қостанай, Жамбыл, Павлодар облыстарында сумен қамту жұмыстары нашар дейді. Ел бойынша 6300 ауылдың мыңнан астамына су тартылмаған. Тиісті қаржы бар. Жұмыс енді жанданбақ. 

Бейбіт Атамқұлов, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:
-Биыл республикалық бюджеттен 113,6 млрд теңге бөлінді. 103 жоба іске асырылуда. 2020 жылдың қорытындысында орталық суға қол жеткізу деңгейі 97,5 пайызға, ауылдарда 87,7 пайызға жеткізу жоспарланған. 

Ал осы көрсеткішті 100 пайызға қашан жеткіземіз? Премьер-Министр ол үшін әлі 5 жыл қажет дейді. Қазір «Ауыл - ел бесігі», «Нұрлы жер» бағдарламалары бойынша су тартылып жатыр. 

Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:
-Сумен жабдықтау және су бұру мәселелері Үкіметтің стратегиялық міндеті. Және халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға тікелей әсер етеді. «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы арқылы 2025 жылға қарай халықтың 100 пайызы сумен жабдықтау қызметімен қамтамасыз етіледі. Осының арқасында біз су мәселесін толығымен шешеміз.

Мәселені толығымен шешу үшін уақыт қана емес, қыруар қаржы да қажет. Атамқұловтың айтуынша 900 миллиардтан астам ақша жұмсалмақ. Әрине, судың да сұрауы бар. 

Досжан Маратұлы




ауыз су ауыл Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Үкімет Асқар Мамин

Хабарламаларға жазылу