Атыраулықтар «Миллионға сатылған махаббат» фильмін тамашалады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атыраулықтар «Миллионға сатылған махаббат» фильмін тамашалады

27.10.2020

Комедия жанрындағы отандық туынды Алматы қаласында небәрі 20 күнде түсірілген. Достық пен махаббат тақырыбына негізделген кинокартинаның бюджеті 40 млн теңгені құрайды. 

Фильмде екі жүк тасушы жігіттің бастан кешкен оқиғасы көрсетіледі. Комедияда олардың өмірі ойламаған жерден өзгеріп, миллионер атанады. Қыруар қаржыға кенелгендердің оқиғасы әрі қарай әдемі махаббатпен өріледі. Кинотеатрды сағынған көрермен, отандық туындыны ерекше көңіл күймен тамашалады

Бекболат Әміржанов, көрермен: 
-Өте жақсы кино екен. Көрдік. Біздің қазақ киноиндустриясына жаңадан толқын келіп жатыр деп толықтай айтуға болады. 

Туынды қазақ және орыс тілінде түсірілді. Фильмдегі басты рольдерді отандық актерлар Дина Тасболатова, Гүлнар Селбаева, Ернар Сакупов және Жахан Отарғалиев сомдады. Киноның режиссері - Олжас Ыбраев. Ал, продюсері – Тимур Бақтыбаев пен Нәзира Әлмұхамедова.

Ернар Сакупов, актер: 
-Мен үшін бұл фильм дебют болды.Толық метражды кинода алғаш рет ойнауым. Осы фильм көрерменге достықтың маңыздылығын беретін шығар деп ойлаймын. 

Түсірілім жұмыстары өткен жылдың қыркүйек айында басталған. Фильм көрерменге мамыр айында көрсетілуі тиіс еді. Алайда, жаһанды жайлаған індет шығармашылық ұжымның жоспарына тұсау салды. 

Тимур Бақтыбаев, кинопродюсер: 
-Жаз айында шығамыз деген де жоспар болған. Бірақ қазан айында шығып жатыр. 7-8 ай бойы күту қиынға соқты. 

Комедияның тұсаукесері Ақтауда және Алматы қаласында да өтеді. Отандық туынды еліміздің 9 өңірінде бас-аяғы 21 Kinoplexx кинотеатрлар желісінде көрсетіледі.

Жандос Темірғали


Атырау Миллионға сатылған махаббат фильм кино

Хабарламаларға жазылу