Қазіргі қоғамда көпбалалы, жалғызбасты ана дегенді жиі естіп жүрміз. Ал Түркістан облысында жасы елуді алқымдаған азамат шиеттей балаларын жалғыз өзі асырап отыр. Келес ауданында тұратын Ханәділ Жұмабаев 9 перзент тәрбиелеуде. Отбасының тұңғышы студент болса, кенже қызы енді төртке толды.
Қара домалақтардың қамы үшін Ханәділ қара қазанның бабын да әбден үйреніп алды. Балаларына күніне екі мезгіл ас-ауқатты өзі әзірлейді.
Ханәділ Жұмабаев, Ораз ата ауылының тұрғыны:Енді тағдыр ғой. Басқа түскен соң тамақ істеуді үйрендік. Тек жұмыртқа қуыруды ғана білетінмін. Қазір палау, бәрін істеймін. Кірді қыздарым жуады. Бойжетіп қалды.
Отағасы ас үймен екі ортада жүріп балалардың сабаққа дайындығын да қалт жібермейді. Басқаларындай емес 7-сыныпта оқитын ұлы Мейрамбектің оқу үлгерімі жақсы. Оқу озаты. Әкесі білмегенді бауырларына сол үйретеді.
Мейрамбек Пернехан, мектеп оқушысы:
Әкеме үй жұмыстарына көмектесем. Бос уақытымда үй жинаймын. Сабақ орындаймын.
Ханәділ - ауылдағы балабақшада күзетші. Таңертеңгілік үйге келісімен есік алдындағы жылыжайды күтіп баптауға кіріседі. Өйткені шиеттей бала-шағаның несібесін айырып отырған осы кәсіп. Балаларға мемлекеттен берілетін жәрдем қаржыны жинап жүріп, өздері соғып алған.
Ханәділ Жұмабаев, Ораз ата ауылының тұрғыны:
Помидор егеміз, одан қалса кейінгі өнім қияр болып жатыр. Кейінгісінде капуста көшетін шығарсақ дейміз. Балаларым көмектеседі. Бәріміз жабылып, тіршілігімізді істеп жатырмыз.
Алты ұл мен үш қыздың анасы осыдан екі жыл бұрын ешбір себепсіз шаңырағын тастап кеткен. Содан бері жылына бір-екі рет хабар алғаны болмаса, қайта оралмаған. Ал тағдыр тауқыметіне мойымаған Ханәділ балаларына әкелік қамқорлықпен қоса аналық мейрімді де қатар сыйлауға барын салып келеді.
Ғани Қалмахан