Түркістанда халықтың 23% ғана газға қосылған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістанда халықтың 23% ғана газға қосылған

28.10.2020

Түркістандық тұрғындар күн суытқалы бері көмір жағып, күнелтіп отыр. Қалаға газ құбырлары тартылғанымен, халықтың небәрі 23 пайызы ғана көгілдір отынға қосылған. Салдарынан күн батса болды қала халқы түтінге тұншығып, жағымсыз иіс пен улы газ ауаға тарайды. 

Үрбибі Жиенходжаева екі бірдей үйін жылыту үшін сегіз тонна көмір түсірген. Қысқа отын даярлап қамданған әжей күніне бес шелек көмір жағады. 

Үрбибі Жиенходжаева, қала тұрғыны: 
- Былтыр қазан айына дейін газ келеді деп айтқан еді, біз күттік. Газ көрмедік. Көмір түсіріп алдық. 

Қазір кеш түссе болды, қаланы қою қара түтін басады. Тұрғын үйлер мен жылу қазандықтарының мұржасынан шыққан иіс қолқаны қабады. Тек жаппай көгілдір отын берілгенде ғана көк түтіннен құтылуға болады. Бірақ көз алдымыздағы құбырлар газға қосылмай келеді, дейді тұрғындар.

Қайрат Маменов, қала тұрғыны:
- Құжаттардың бәрін өткізгенбіз. Газ келмегеннен кейін көмір түсірдік. 

Тұрғын үйлер ғана емес, мектептер мен медициналық мекемелер де көмір жағып отыр. Салаға жауапты басшылар болса, көп кешікпей құрылыс монтаждау жұмыстары бітеді дейді.   

Нұрлан Бектұрсынов, Түркістан қалалық инфрақұрылым және коммуникация бөлімі басшысының міндетін атқарушы:
- Үйлердің өзі де тығыз орналасуына байланысты жер астындағы жүйелерді, телефон және басқада үзілу жұмыстары болғаннан кейін кедергі болып жатыр. Бірақ қазіргі таңда ол құрылыс монтаждау жұмыстары 95 пайызға аяқталды.

Мердігер мекеменің құбыр тарту жұмыстарын кеш бастауы да шаруаны дер кезінде аяқтауға кері әсерін тигізді

Айнұр Ақбаева, тілші:
- Құбыр тарту жұмыстары қараша айында аяқталып, желтоқсан айына дейін тұтынушылар тегіс көгілдір отынға қосылады деп отыр жауаптылар. Ал оған дейін тұрғындарға көк түтін жұтып, көмір жаға тұруына тура келеді.


Айнұр Ақбаева

Түркістан көгілдір отын газ

Хабарламаларға жазылу