Батыс Қазақстанда ауыл әкімі дүркіретіп той жасаған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Батыс Қазақстанда ауыл әкімі дүркіретіп той жасаған

26.10.2020

Қостанай облысында карантин талаптарының сақталуын қадағалау күшейеді. Бұған аймақта жасақталған мониторингтік топтар жұмысының тиісті нәтиже бермеуі себеп. Бір апта ішінде бұл топтар мыңнан аса нысанды тексеріп, тек 49-ының ғана шектеу шараларын бұзғанын анықтаған. 

Тәртіп бұзғандардың дені той-томалақ өткізіп, туған күн тойлағандар. Алайда көптеген аудандарда мониторингтік топ тарапынан карантин талабын сақтамаудың бірде-бір оқиғасы тіркелмеген. Арнайы штабтың отырысында облыс басшысы бұл тексерістің нақты іс жүзінде жүргізілмеуінен екенін айтты. Сондықтан бақылаушы органдардың жұмысын жүйелеу қолға алынады. Шектеуге шекесінен қарағандар енді тек ескертумен құтылмайды, жазаға тартылады. 

Көкше жұрты да тойдан тыйылмай тұр. Мұнда демалыс күндері 6 мейрамхана жұмыс істеген. Оның біреуінде ас берілсе, қалғандарында 100-ден астам адам жиналған тойлар өткізілгені әшкереленді. Сондай-ақ, жексенбіде «Орталық базар» сауда үйі жұмыс істеген. Сенбі-жексенбіде Көкшетауда карантин талаптарын бұзған барлығы 26 нысан анықталды.

Батыс Қазақстанда ауыл әкімі дүркіретіп той жасады. Орал қаласында ұйымдастырылған салтанат туралы ақпар, қонақтар түсірген суреттер мен бейнежазбалардан белгілі болды. Әзірге еңбек демалысындағы әкім жауапқа тартылған жоқ. Алайда істің аяқсыз қалмасы анық. 

Ал Павлодар қаласында тыйымды тыңдамағандар, тексерушілер келгенде есікті жауып алып, бір сағат бойы бардың ішіне тығылып отырған. Енді олардың бәрі әкімшілік жауапқа тартылады. Ойын-сауық орны сағат 23:00-ден кейін жұмыс істеуге, 30-дан артық адам жинауға болмайтыны туралы талаптарды бұзған.

Ел астанасы - Нұр-Сұлтанда тексеру кезінде караоке-барда отырғандар 2-қабаттан секіріп қашты. Оқиға 25-қазан күні түнде «SOVA» деп аталатын нысанда болған. Тәртіп сақшыларының айтуынша, ғимарат алдында тұрған келушілер полицияны көріп, барға қашып кірген. Артынша терезеден секіре бастаған. Абырой болғанда, ешкім зардап шеккен жоқ.

Дәуренбек Әбдібек

 

Батыс Қазақстан ауыл әкімі той карантин талаптары

Хабарламаларға жазылу