Елімізде интернет алаяқтары қылмысының 21 % ғана ашылған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде интернет алаяқтары қылмысының 21 % ғана ашылған

26.10.2020

Елімізде тіркелетін қылмыстық істердің шамамен 10 пайызы интернет алаяқтарының еншісінде. Пысықайлардың құйтырқы әрекеттеріне біржола тосқауыл қою мүмкін болмай тұр. Мәселен, кейінгі 3 жылда ғаламтор кеңістігіндегі құқық бұзушылықтар саны екі есеге өскен. Тіркелген 8 мыңнан астам қылмыстың небәрі 21 пайызы ашылған.

Алаяқтардың арбауына түскендердің бірі – Зәбира Қадырова интернет-саудамен айналысады. Былтыр қазанда онлайн-дүкенінде әлдекім тауарға тапсырыс беріп, оның жеке мәліметтеріне қол жеткізген. Атына несие рәсімделгенін желтоқсанда бірақ біліпті. Абырой болғанда күдікті қолға түскен. Бірақ, іс тым ұзап кетті, - дейді Зәбира. Бірінші сот биыл тамызда Алматыда болған екен. Ал келесі сот отырысы тым ұзап барады. 

Зәбира Қадырова, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны: 
-Осы мәселені шешу үшін 11 ай уақытым кетті. Прокуратураға, Ішкі істер министрілгіне хат жаздық. Қағазбастылық әбден шаршатты. Пәтер алуды жоспарлап отырғанбыз, несие тарихым бұзылды.

Бұл - бір ғана мысал. Криминалдық полиция департаментінің мәліметінше, кейінгі 3 жылда интернет-алаяқтығына қатысты қылмыстар саны 8 мыңнан асып кеткен. Ашылғаны 2 мыңға жетпейді. Десек те, 400-ге жуық күдікті құрықталыпты.

Ғаламтор кеңістігіндегі алаяқтарды ұстау оңайға соқпай тұр, - дейді тәртіп сақшылары. Себеп те бар. Жәбірленуші мен күдікті әртүрлі өңірлерде тұруы мүмкін. Тіпті алаяқ басқа елде отырып та, интернеттің көмегімен талайларды сан соқтырып кетеді.

Ерлан Омарбеков, Криминалдық полиция департаменті бастығының орынбасары:
-Қылмыскерлер жасырын әрекет етеді. Жалған серверлерді пайдаланады. Тіпті кейде провайдер орналасқан АҚШ, Ресей, Қытай, Германия секілді елдерге халықаралық сұрау жібереміз. Цифрландыру үрдісі толық аяқталғаннан кейін қылмыстық істерді ашу мейлінше жылдам болады деп ойлаймын.

Алаяқтық әрекеттер көбіне тауар саудасы мен көрсетілетін қызметтер аясында жасалады. Олар адамдарды арзан бағамен қызықтырады. Сондай-ақ, банк атынан хабарласып, түрлі себептермен жеке мәліметтерді сұрауы мүмкін. Күмәнді ұтыс ойындары да жарға жығады. Мұндайда аса абай болу керек, - дейді полиция өкілдері. Айта кетерлігі, қазір қаржы нарығын реттеу агенттігі онлайн несие беруде биометрияны енгізуді қарастырып жатыр. Қызығушылық танытқан мекеме-ұйымдар қарашаға дейін ұсыныстарын жолдай алады.

Дарын Сағитов


қылмыстық іс интернет алаяқтары

Хабарламаларға жазылу