«Мен Туымды мақтан етемін!» акциясы әлеуметтік желіде көпшіліктің қолдауын тапты

23.10.2020

Бүгін елімізде  «Мен Туымды мақтан етемін!» деген атаумен ерекше акция басталды. Қазақстандықтар осы хештегпен әлеуметтік желілерге Тумен түскен суреттерін салып, түрлі видеороликтер жариялады. 

Әлеуметтік желілер көк түске боялды. Бір ғана Instagram-ның өзінде  «Мен Туымды мақтан етемін!»  хештегімен салынған суреттер кешке дейін 11 мыңнан асты. Кей азаматтар бұл сөзді үш тілде жазып, Тумен түскен бірнеше суретін қатар салды. Акцияға саясат алаңында жүрген тұлғалар да үн қосып, Facebook парақшасындағы суреттерін ауыстырды. Ал, танымал өнерпаздар мен спортшылар сахна мен Олимп шыңында Ту жамылып тұрған сәттерін жариялады.

Жеңіс Сейдоллаұлы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:
-Күллі әлемге қазақ халқының ұлттық болмысын, тарихын байлығын паш ететін ол біздің көк байрағымыз. Еңсесі биік әрбір азамат оны қадірлеп, мақтан тұтуы керек. Біз тәуелсіздігіміздің рәміздерін көздің қарашығындай сақтауымыз керек.

Акция аз ғана уақытта кең таралып, оған қалалықтар ғана емес шалғайдағы ағайын да қолдау білдірді. Олар өздерінің Ту ұстап тұрған сәтінен түрлі видеороликтер жасап, жарыса таратты. Көк Тудың әлемнің түкпір-түкпірінде желбіреген сәттерін көптің есіне тағы бір салды.

Айман Мұсақожаева, Қазақстанның халық әртісі:
-Біздің туымызбен біз әр жерде жүреміз. Гастрольға шығамыз. АҚШ, Англияда, Алманияға, Францияға барған кезде бірінші келсек концертке туымызды қоямыз. Содан да мен туымды өте жақсы көремін.

Бұл бір күндік акция емес, халық қызықты суреттерін әлі де жүктеп жатыр. Ал, желі қолданушыларының бастамасы ауқымды шараға ұласып, Туымыз елордадағы ең үлкен экраннан көрсетілді. Көпшілік көк байрақтың биікте желбіреп тұрғанын тамашалады.

Аманкелді Сейітхан 

Мен туымды мақтан етемін акция хештег леуметтік желі

Хабарламаларға жазылу