Ақтөбеде 43 жастағы мұғалім әріптесін пышақтап өлтірді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбеде 43 жастағы мұғалім әріптесін пышақтап өлтірді

23.10.2020

Ақтөбе облысында мектеп мұғалімдері төбелесіп, бірі пышақ жарақатынан көз жұмды. Оқиға Темір ауданының орталығы - Шұбарқұдық ауылында болған. Қазір полицейлер оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр. 

Жанжалдасқан мұғалімдер Жансен Кереев атындағы мектепте жұмыс істеген. Түскі үзіліс кезінде олар басқа бір әріптестерінің үйіне қонаққа барған. 43 жастағы мұғалім әріптесі Берік Елтезеровтің кеуде тұсына пышақ сұққан. Мақтаулы мұғалімдердің бұл әрекеті білім саласы басшыларының өзін де шошытып отыр.  

Гүлназ Сүлейменова, облыстық Білім басқармасы басшысының орынбасары:
Мұғалімдер ауылда кездескен. Сол жерде өзара келіспеушілік болған. Сол келіспеушілік салдарынан дене жарақатын алған. Қайтыс болған мұғалім 80-інші жылғы. 

Білім саласы басшыларының сөзінше, екі мұғалімнің де еңбек өтілі 20 жылға жуық. Күдіктінің де жоғары білімді маман екені белгілі.  

Ерболат Сарқұлов, облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі:
Ол пышақ жарақаты түріндегі зорлық-зомбылық белгілері бар 40 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты. Аталған факті бойынша күдікті тұлға анықталып ҚР ҚК-нің 99-бабы 1-бөлігі «Адам өлтіру» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады.
Жақсыбек Кемал, тілші:
Қазір күдікті қамауда. Мұғалімдердің жанжалына не себеп болғаны әзірге белгісіз. Полицейлер тергеу мүддесі үшін басқа ақпаратты жария еткен жоқ.

Жақсыбек Кемал

Ақтөбе жанжал кісі өлімі Ақтөбе ұстаз өлімі Ақтөбе ұстаздар жанжалы Шұбарқұдық мұғалім

Хабарламаларға жазылу