ШҚО-да көпбалалы отбасылар баспаналы болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ШҚО-да көпбалалы отбасылар баспаналы болды

22.10.2020

Биыл Шығыс Қазақстан облысында 1047 көпбалалы отбасы баспанамен қамтылады. Осы күнге дейін 400-ге жуық жанұя жаңа әрі жайлы қонысқа жайғасып қойған. Бүгін олардың қатарына Абай ауданындағы Қарауыл тұрғындары да қосылды.   

Бүгін Абай ауданының орталығында 21 отбасының көптен күткен арманы орындалды. Көпбалалы және аз қамтылған жанұяларды баспанамен қамту үшін кезінде қаңырап бос қалған 2 көпқабатты тұрғын үй қайта жөнделді. Мұндағы пәтердің бірі Мамыр Сүйінішқалиеваға бұйырды

Мамыр Сүйінішқалиева, көпбалалы ана: 
-Қуанышымда шек жоқ, жасыра алмаймын. Пәтерде жүргенімізге 20 жыл болды, бүгін ақ түйенің қарны жарылып, үйлі болып жатырмыз. 6 балам бар, 4 бөлмелі пәтерге ие болдық.   

Ал 6 отбасы «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынған су жаңа баспанаға қоныстанды. Қазір Қарауылда тағы осындай екі пәтерлі 13 үйдің құрылысы жүріп жатыр. Бұл бағыттағы жұмыс келесі жылы да жалғасады.

Жарқынбек Байсабыров, Абай ауданының әкімі: 
-Облыс әкімінің тапсырмаы бойынша ендігі жылға бізге 50 үй салуға тапсырма берілді. Яғни 50 үй дегеніміз ол 100 отбасы, екі пәтерден есептегенде. Қазір оған жұмыс жасап жатырмыз. Қазірдің өзінде 40 үйге мердігерлер тауып қойдық. 

Қазір Шығыс Қазақстан бойынша 2 мыңға жуық көпбалалы отбасы тұрғын үй кезегінде тұр. Олардың тең жартысы биыл баспаналы болмақ. Ал қалғандарын алдағы 3 жылда үймен қамту көзделген.

Берік Көшербай


ШҚО баспана

Хабарламаларға жазылу