Мемлекет басшысының қатысуымен Ұлттық кеңестің отырысы өтті

22.10.2020

Теріскейге қоныс аударатындарға төленетін жәрдемақы 2 есеге көбеюі мүмкін. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің IV отырысында Үкіметке 1 айдың ішінде осы мәселені зерттеп, тиісті шешім қабылдауды тапсырды. Онлайн өткен жиында мемлекеттік басқаруды жаңғырту, құқық қорғау саласын реформалау мен қордаланған әлеуметтік мәселелерді шешу жолдары айтылды. Әсіресе, көпбалалы отбасыларды баспанамен қамту, ауылдағы ағайынға жеңілдетілген несие беру сынды түйткілдер талқыланды.  

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің құрылғанына тура бір жыл. Осы аралықта кеңес мүшелері үш рет бас қосып, елдегі көптеген мәселелердің шешілуіне ғана сеп болған жоқ түбегейлі реформалардың жүзеге асуына күш салды. Бүгінгі отырыс та да елді толғандырып жүрген түйткілдер ортаға тасталды. Мәселен, қазақ тілінде сөз бастаған Максим Споткай жергілікті өзін өзі басқаруды дамыту үшін 5 жылға арналған тұжырымдама қажетін айтты. Тиісті заң да керек. Сонымен қатар, өңірлік деңгейдегі жиындарды өткізудің жаңа тәртібін енгізу де – уақыт талабы. Еліміздің климаттық немесе дәстүрлік ерекшеліктері ескерілмей жабық есік күйінде бектілген жобалардан бас тартуымыз керек.

Максим Споткай, ҚР Парламенті Сенаты аппараты жетекшісінің орынбасары:
-Өзге елдердің ұлттық жобаларын қайталаудан бас тартуымыз қажет. Қазақта «келісіп пішкен, тон келте болмас» деген сөз бар. Сондықтан мұндай жұмыстарға тәуелсіз сарапшылар, азаматтық қоғам өкілдері атсалысқаны жөн.

Ал, Ләззат Қожахмет көпбалалы отбасылардың баспана алу мәселесін көтерді. Елімізде 30 мыңға жуық осындай шаңырақ кезекте тұр. Оларға мұраға берілмейтін арендалық баспаналар тиімсіз. Салдарынан мұқтаж отбасы ипотека рәсімдеуге мәжбүр. Бұл балалы-шағалы жанұяға оңай соқпады. Сондықтан мемлекеттік бағдарлама арылы қолданыстағы арзан үйлерді де алуға рұқсат беру керек. Тағы бір мәселе– баспана кезегінің ашықтығы. Қазір тұрғын үймен қамту бағытында 7 мемлекеттік оператор қызмет көрсетеді. Бірақ, кезекте тұрғандардың тізімі ашық жарияланбай отырса керек. Арнайы ортақ сайт жоқ.

Ләззат Қожахмет, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі:
-Кім кезекпен үй алды? Өз кезегімен алып жатыр ма? Жемқорлық фактілері орын алып жатыр ма? Осының барлығы сайтта ашық көрініп тұру керек. Былтыр үй алған мысалы, әлі күнге дейін кезекте тұр, Кезек жаңармай жатыр. 

Ал қорғаушы Айман Омарованың айтуынша, қазір халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру жұмыстарын ширатуда қорғаушылардан тегін кеңес алу тұралап тұр. Бұл ретте кәсіби адвокаттар да тапшы. Сонымен қатар тиісті заңнамаға өзгеріс енгізу арқылы қорғаушыларды өмір бойына лицензиясынан айыруға тосқауыл қою керек.

Айман Омарова, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі: 
-Бұл мәселе Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы секілді беделді әлемдік ұйымдарды да алаңдатып отыр. Демек, «Адвокаттық қызмет және Заң көмегі» туралы ҚР Заңына бірқатар өзгерістер енгізуіміз маңызды. 

Кеңес мүшелерінің өтініш тілектерін мұқият тыңдаған Президент өзі де атқарушы биліктің назарын бірқатар өзекті мәселеге аударып, мемлекеттік органдарға тиісті тапсырма берді. Қасым-Жомарт Тоқаев әсіресе ел ішіндегі миграциялық үдерістерді реттеу ісінің тиімділігін арттыру қажет деді. Көшуге қатысты кедергілерді азайтқан жөн. Мемлекет мигранттарға барынша қолайлы жағдай жасауы тиіс, - деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 
-Мигранттарды ынталандыратын қосымша шара ретінде оларға берілетін жәрдемақының мөлшерін 2 есеге, яғни 35 АЕК-тен 70-ке дейін көбейіткен жөн деп санаймын. Үкіметке 1 айдың ішінде осы мәселені зерттеп, тиісті шешім қабылдауды тапсырамын. 

Қазір елімізде жоғары оқу орындарының құрылымдарын өзгерту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Көптеген білім ошақтары коммерциялық емес акционерлік қоғамға айналды. Дегенмен, бұл үрдіс ел ішінде көптеген алып-қашпа әңгіме туғызуда, - деді Мемлекет басшысы.

 Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Сондай-ақ, ірі мемлекеттік жоғары оқу орындары кейіннен жеке меншікке сатылуы мүмкін деген де күдік бар. Осыған орай, ұлттық және мемлекеттік жоғары оқу орындары сатылмайтыны жөнінде мәлімдеймін. Бұл мәселе айырықша назарда.

Президент сайлау туралы заңға енгізілген өзгерістерге де тоқталды. Бұл ретте әйелдер мен мен жастарға берілген 30 пайыздық - саяси жүйеге өзгеріс әкеледі, - деді Мемлекет басшысы. Және оның заңды тұрғыда рәсімделуі мемлекетті басқарудың тәсілдерін жаңартуға бағытталған байыпты қадам екенін атап өтті. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Қазір еліміз бойынша мәслихат депутаттары корпусында жастардың үлесі 2 пайыз шамасында ғана. Яғни 3 мыңнан астам мәслихат депутатының арасындағы жастардың саны бар-жоғы – 60-қа жуық. Мұндай жағдайда қоғамда, әсіресе қоғамда әлеуметтік лифтінің тиімділігі туралы сұрақтың туындауы орынды. 

Отырыс қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы кеңестің жұмысына оң баға берді. Пандемияға қарамастан, өзекті мәселелердің уақытылы көтеріліп, шешіліп келе жатқандығын айтты. Бірегей құрылым шетелдік сарапшылардың қызығушылығын тудырып отырғандығы да тілге тиек етілді. Ал кезекті төртінші отырыста көтерілген мәселелер мен ұсыныстар алдағы уақытта сарапталып, зерделенетін болады. Тиісті шешім шығарылып, жүзеге асыру тетіктері қаралады.

Дарын Сағитов



Мемлекет басшысы Ұлттық кеңес

Хабарламаларға жазылу