Люксембургте Абайдың 175 жылдығына орай концерт өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Люксембургте Абайдың 175 жылдығына орай концерт өтті

23.10.2020

Қазақ музыканттары Абайдың 175 жылдығына орай Люксембургта концерт қойды. Опера әншісі Құдайберген Әбілдин мен танымал пианиношы Әйгерім Матаева шетелдіктерді өнерлерімен тәнтті етті. Жас таланттарды Еуропа жұртына таныстырып, музыкалық кешті ұйымдастырған - еліміздің Люксембургтағы елшілігі мен Қазақстанның осы мемлекеттегі құрметті консулдығы.  

Люксембург филармониясының камералық залы 250 адамға есептелген. Бірақ, ковидке байланысты концертке тек 100 адам шақырылды. Әлеуметтік ара қашықтықты сақтап, маска киген көрермен ә дегеннен Абайдың әлеміне терең бойлады. 

Құдайберген Әбілдин - кең диапазонды тембрге толы дауыстың иесі. Қазақ ұлттық өнер университетінің түлегі жақында Нидерландтың Маастрихт қаласындағы консерваториясын тәмәмдады. Қазақ ұлттық музыка академиясынан түлеп ұшқан Әйгерім қазір Париждегі консерваторияда дәріс беріп, қазақ-француз балаларын өнерге баулып жүр. Қос талант Абайдың әндерін шебер орындап, көпшілікті тәнті етті.  

Франческо Медда, опера әншісі:
Пианиношының орындау шеберлігі ғажап. Тенордың дауысы керемет. Екеуі ұлы ақынның сырға,сезімге толы әндерін бізге тамаша жеткізді. Осындай қиын сәтте бізге рухани қолдау көрсеткендеріңізге алғысым шексіз. 
Стивен Кёнер, Люксембург сауда палатасының атташесі:
Індеттің кесірінен 7 ай мәдени шара болмай, концертті сағынып едік. Бүгінгі кештен ерекше ләззат алдық. Үш апта бұрын елшілеріңізден қазақтың осындай керемет ақыны бар екенін білдім. Енді оның шығармаларымен жіті танысамын.

Қазақтың ұлы ойшылын терең танимын деушілерге еліміздің Люксембургтағы елшісі Айгүл Құспан француз тілінде жарық көрген «Абай» кітабын сыйға тартты. Ойшылдың қара сөздері мен өлеңдерінен тұратын құнды еңбек енді Люксембург кітапханаларына да табысталады. 

Нұрсұлу Қасым

Абай Құнанбайұлы концерт Люксембург

Хабарламаларға жазылу