Елордалықтар үй маңындағы автотұрақтардың ақылы болғанына қарсы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордалықтар үй маңындағы автотұрақтардың ақылы болғанына қарсы

26.10.2020

Елордада ақылы тұрақтарға қатысты тағы да шу шықты. Бірнеше үйдің тұрғындары көлігімізді қайда қоярымызды білмей отырмыз деп шағымданды. Өйткені, үйдің дәл іргесіндегі тұраққа паркоматтар қойылып жатыр. Оған халық наразы. 

Момышұлы көшесіндегі 14-ші, 16-шы үйдің тұрғындары үйлерінің дәл түбінен салынған ақылы тұраққа қарсы. Көпшілік бүгінге дейін көлігін осы жерге қойып келген. Өйткені арнайы паркинг жоқ.

Ержан Данияров, қала тұрғыны:
Осы үш үйге Момышұлы 16, 14, 12-ге бір-ақ қана тұрақ бар. 50 машина сыяды. Біздің үйде 630-ға жуық пәтер бар. Оның 78 пайызында көлік бар.

Тұрғындар автокөлігін аулаға да қоя алмайды. Себебі биыл аула абаттандырылып, іштегі кеңістіктің бәрі балалар ойнайтын алаңқайға айналған.

Дәурен Сенгіров, қала тұрғыны:
Ақылы тұраққа қаражат жоқ. Күн сайын түскі үзіліс кезінде үйге келіп, сағатына 100 теңгеден төлесек, бір жылға 12 мыңның үстінде шығады.

Ал жауапты мекеме өкілдерінің өз айтары бар. Олардың ойынша, бұл көлік трафигін реттеу үшін жасалған. Себебі тұрақ ақылы болса, сырттан келгендер көп тұрмайды. Ал осы үйде тұратындарға жеңілдік беріледі.

Шыңғыс Досыбаев, «Парковочное пространство Астаны» ЖШС директоры:
Біз сол үйдің тұрғындарына айына 1500 теңге төлейтін карталар ұсынамыз. Тағы бір мәселе, ол жерде жалпы 125 тұрақ бар. Соның тек 25-і ғана ақылы болады.

Бірақ көпшілік айлық тарифке қанағаттанбайды. Себебі үйді сатып алғанда бұл жер тұрақ ретінде берілген дейді.

Гүлзада Тұрғалиева, қала тұрғыны:
Біз мұны алған кезде ондай шарт болған жоқ. Біз бұл үйді алдық, оның қасында орын болды.

Осылайша мәселе әлі күрделі күйде қалып отыр. Қазір қалада барлығы 487 ақылы тұрақ бар. Жыл соңына дейін тағы 5 мың орында іске қосу жоспарлануда.

Аманкелді Сейітхан, тілші:
Жалпы, елордада осындай ақылы тұрақтар орнатылғалы қала бюджетіне 21 миллион теңге түскен. Ал тұраққа ақша төлемеген жүргізушілерге салынған айыппұл одан 20 есе көп. Яғни, 500 миллион теңгеден асады.

Аманкелді Сейітхан

ақылы тұрақ автотұрақ елорда Нұр-Сұлтан

Хабарламаларға жазылу