Солтүстік Қазақстанда індеттен құстары қырылған тұрғындар өтемақы ала алмай жүр. Ал ақшаны алғандар қаз-үйректі тым арзанға бағалады, шығынымыз толық өтелмеді деп наразы. Ал жергілікті билік оншақты күннің ішінде барлық мәселе шешіледі деп отыр.
Сағындық Сәбитұлы, тілші:Мыңнан астам тауық сыйған қора қаңырап бос тұр. Ал өтемақыдан үміттенген кәсіпкердің меселі қайтқан.
Александр Засыпкиннің мыңнан астам қаз-үйрек, тауығы болған. Бүгін қора-жайы қаңырап қалған. Ал күткен өтемақының тек үштен бірін ғана төлеген.
Александр Засыпкин, кәсіпкер:Құс қырыла бастаған кезде ветеринарлардың айтуымен өртедік, оларға акт толтырылған жоқ. Кейін барып қана акт жасай басады. 520 қаз, 385 үйрек, 800-ден астам тауыққа 5 акт бар. Бүгінгі күнге дейін тек 1 млн 560 мың теңге ғана төленді, орташа баға деген күннің өзінде 5 миллиондай түсуі тиіс еді.
Жаңалық Салғарин індеттің кесірінен 900-ден астам қазынан айырылды. Бүгін-ертең түседі деген өтемақыны күткеніне де көп болды. Бірақ оған көңілі толмайды.
Жаңалық Салғарин, кәсіпкер:Қазір Қазақстанда қаз 7-8 мың тұратын болса, бізге 5300 теңгеден беріп жатыр. Бізге толық өтелмей отыр.
Құстарды тәркілеп-жойған мекеме басшысының айтуынша өтемақы төлеудің өз тәртібі мен талабы бар. Яғни, құс иелері құжаттарды толық әкелуі тиіс.
Нұржан Шәріпов, республикалық эпизоотияға қарсы күрес жасағы облыстық филиалының басшысы:Ветеринарлық инспекция бізге құжаттарды әкеліп тапсырады, біз оны Нұр-Сұлтанға жібереміз. Құжаттар түгел болмаса қабылдамаймыз. 10 жұмыс күнінің ішінде өтемақы төленуі керек.
Құс иелерінің жан-айғайынан кейін мәселенің мән-жайын анықтау үшін облыстық ветеринария басқармасы өкілдерінің де пікірін білдік. Олардың айуынша, алаңдауға негіз жоқ, бірінші кезекте карантин кезінде қырылған құстарға ғана өтемақы төленеді. Қалғандарына, құжаттарын толықтырып, түзеткеннен кейін беріледі. Жалпы, облыста құс тұмауынан жеке меншіктің 21 мыңнан астам құсы қырылды. Бүгінгі күнге дейін 53 адамға 72 миллионнан астам өтемақы төленді.
Сағындық Сәбитұлы