2021-2023 жылдарға арналған бюджет жобасы бекітілді - Мәжіліс - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

2021-2023 жылдарға арналған бюджет жобасы бекітілді - Мәжіліс

21.10.2020

Қазақстанның мемлекеттік қарызы 2025 жылы өткен жылмен салыстырғанда екі есе өседі. Яғни 25 трлн 692 млрд теңгеге жетеді. 2021-2023 жылдарға арналған бюджет жобасы қаралған Мәжілістің жалпы отырысында осындай деректер келтірілді. Қарыздың өсуіне алдымен пандемия, жаһан экономикасының тоқырауға ұшырауы себеп болып отыр. 

Келер жылы қарыз жалпы ішкі өнімнің 30,3, 2022 жылы 30,5 пайызына дейін жетеді. Ал, елімізде мемлекеттік қарызды жалпы ішкі өнімнің 27 пайызынан асырмау туралы лимит бар. Ұлттық экономика министрінің мәліметі бойынша қазынаға қарыздан түсетін салмақ бюджет тапшылығын азайту арқылы жеңілдетіледі. Яғни келер жылы жалпы ішкі өнімнің 3,4 пайызына теңессе 2023 жылы 2,1 пайызына дейін түседі.

Енді сандарды сөйлетейік. Келер жылдан бастап, экономика тұрақты өсім көрсетеді. 

2021 жылы ЖІӨ 2,8, 2022 жылы 3,7, 2023 жылы 4,6 пайызға дейін өседі. Инфляция да 2023 жылға дейін 4-5 пайыз шамасына түседі. Ұлттық қордан алынатын трансфертке келсек. Келер жылы 2 трлн 700 млрд, 2022-де 2 трлн 400 млрд, 2023 жылы 2 трлн 200 млрд-қа дейін азайтылмақ. Яғни, 3 жыл ішінде қордан алынатын қаржы жарты трлн теңгеге азаяды.

Болжам бойынша бюджет түсімі алдағы 3 жыл ішінде 600 млрд теңгеге өсіп, 12 трлн теңгеге жетеді. Ал шығындар 14,5 трлн теңгеден 13,9 трлн теңгеге дейін азайтылмақ. Жалпы шығындардың жартысынан көбі әлеуметтік саланы дамытуға бағытталған.

Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы: 
-Алдағы 3 жылдық бюджетте ең біріншіден пандемия кезінде азаматтарды қолдау жағдайы ескерілді. Сонымен бірге жылдағы дәстүр бойынша экономиканы дамыту, әлеуметтік міндеттер, денсаулық, білім, еңбек салаларына ерекше назар аударылды. 

Отырыс барысында биылғы бюджет те нақтыланды. Яғни, бюджет кірісі 185 млрд, ал шығыны 205 млрд теңгеге ұлғаятыны белгілі болды. Коронавируспен күреске 238,7 млрд теңге бағытталады. 

Оңғар Алпысбайұлы 



бюджет Мәжіліс Мәжіліс сайлауы-2021

Хабарламаларға жазылу