Алдағы 5 жылда Алматыда 700 жеделсаты жаңаланады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алдағы 5 жылда Алматыда 700 жеделсаты жаңаланады

22.10.2020

Жыл соңына дейін тиісті аттестациядан өтпеген жеделсатыға жауапты компаниялар қызметін тоқтатады. Бір ғана Алматы қаласының өзінде 11 мыңнан астам лифт болса, оның тең жартысының әбден тозығы жеткен. «Тіпті, жаңадан қойылғандарының сапасы да сын көтермейді», - дейді тұрғындар.  

Алматыда элиталық саналатын мына тұрғын үйдің жеделсатысында осыдан бірнеше күн бұрын алты адам қалып қойған. Тұрғындардың бірі төтеншеліктерге хабарласып, көмек сұраған. Абырой болғанда, ешкім зардап шеккен жоқ. Тұрғын үйге жауапты қызметкерлер іште қалып қойғандарды жарты сағат дегенде әзер шығарған. 

Жыл басынан бері жеделсатыда қалып қою бойынша қалалық құтқару қызметіне 40-тан аса қоңырау түскен. «Жаңалары осылай істен шығып жатса, тозығы жеткендер мүлдем қауіпті», - дейді тұрғындар.

Қуан Нұрақын, тілші:
Мәселен, мына жеделсаты 1991 жылы пайдалануға берілген. Жарамдылық мерзімі әлдеқашан бітсе де, әлі күнге дейін қолданыста. 

Елімізде 400 лифт компаниясы бар. Бірақ олардың қызметін ешкім осы күнге дейін бақыламаған. Бұдан былай нарықта тексеруден өткендері ғана қалады. 

Нұрлан Кенжебаев, Лифт мамандары одағының президенті:
Осы жылдың аяғына дейін аттестациядан өтпеген компаниялардың қызметі тоқтатылады. 

Соңғы үш жылда Алматыда жеделсатының 400-ден астамы жаңартылса, алдағы бес жылда «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 700-і ауыстырылмақ. 

Қуан Нұрақын

лифт жеделсаты алматы

Хабарламаларға жазылу