Президент Мағзұм Мырзағалиевті қабылдады

20.10.2020

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада Экология, геология және табиғи ресурстар министрін қабылдады. Мағзұм Мырзағалиев Президентке Экология кодексінің Мәжілісте қаралып жатқаны туралы егжей-тегжейлі баяндады. Мемлекет басшысы аталған құжатқа оң баға беріп, еліміздегі экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған жаңалықтарды атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, бұл құжаттың айырықша маңыздылығы қоғамды табиғатты аялауға шақыру және ауаны ластайтын зиянды заттардың көлемін азайтуға байланысты. 

Сонымен қатар Мемлекет басшысына су ресуртары мен осы саланы цифрландыру туралы есеп берді. Мағзұм Мырзағалиев Түркістан облысы Мақтаарал ауданында су арнасын цифрландырудың пилоттық жобасының аяқталғанын жеткізді. Осы ретте, Президент суды тиімді пайдалану қажеттігіне назар аударды. Бұдан бөлек Қасым-Жомарт Тоқаевқа балық шаруашылығының жағдайы және осы бағытты дамытудың салалық бағдарламасының әзірлену барысы туралы ақпарат берілді. Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Мағзұм Мырзағалиевке бірқатар нақты тапсырма берді.

Президент Мағзұм Мырзағалиев Экология геология және табиғи ресурстар министрі

Хабарламаларға жазылу