Экс-полицей 10 жылға сотталып, 67 млн теңге шығын төлеуге міндеттелді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Экс-полицей 10 жылға сотталып, 67 млн теңге шығын төлеуге міндеттелді

20.10.2020

Мас күйінде көлік тізгіндеп, екі полицейдің өліміне себепші болған Азат Азаматовқа қатысты бүгін сот үкімі шықты. Алматы облысы Қарасай ауданының сотында бір айдан астам уақыт қаралған істе экс-полицейдің кінәсі толық дәлелденіп 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын қауіптілігі орта дәрежедегі мекемеде өтейді. Сондай-ақ, өмір бойына көлік жүргізу құқығынан да айырылды. Алайда, қаза тапқандардың туыстары судья шешіміне көңілдері толмайтынын айтты. 

Карантин кезінде көпшілікті дүрліктірген іске бүгін ақыры нүкте қойылды. Қылмыстық іске байланысты сот отырысы қыркүйек айында басталған. Куәгерлер мен жәбірленуші тараптың барлығы тыңдалып, қылмыскер Азат Азаматов өз кінәсін толығымен мойындады. Істі қараған судья Мәди Көшікбаевтың сөзінше, Азаматовқа ең ауыр жаза тағайындалған.

Мәди Көшікбаев, Қарасай аудандық сотының судьясы: 
- Сот ең жоғарғы жаза он жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындап отыр.

Ал жәбірленуші тарап кінәліге жеңіл жаза тағайындалғанын айтады. Қайғыдан қан жұтқан отбасы Азат Азаматовтың өзі де, әке-шешесі де келіп кешіріп сұрауға жараған жоқ, өмір бойы түрмеге тоғытылса да аздық етеді, дейді. 

Нұрсұлу Жанғазиева, Жарас Жанғазиевтің анасы: 
-10 жыл деген ертең-ақ шығады ғой. Менің балам қырыққа келмей кетті. Ол қырыққа келгенде шығады. Үш баласы жетім қалды. Баласын көре алмай қалды. Бала жетім өседі енді.
Маратжан Сиыршев, Дастан Әбдіқановтың әкесі: 
-Сот мырзаның айтуына қарағанда заңнан артық шыға алмаймыз деп тұр. Заңнан кейінгі жазасын Алла берсін.

Азат Азаматов қос полицейдің отбасына, қалалық полиция департаментіне және тергеу кезінде сараптама жүргізуге кеткен қаржыны қоса есептегенде 67 миллион теңгеге жуық шығын төлеуге міндеттелді. Айта кетейік, қайғылы оқиға 25 мамырда Алматы облысының Қарасай ауданында болған. Азат Азаматов мас күйінде BMW автокөлігімен блок бекеттегі бетон қоршауға, содан соң патруль көлігіне соғылған. Салдарынан екі полицей қаза тапты. 

Нұрхан Нұрланұлы


Азат Азаматов Экс-полицей

Хабарламаларға жазылу