Бүгін белгілі ғалым Төрегелді Шарманов 90 жасқа толды. Академиктің мерейлі жасына орай Алматыда Денсаулық сақтау министрі және шетелдік сарапшылардың қатысуымен алқалы жиын өтті. Басқосуға жиналғандар коронавируспен күрестегі алғашқы медициналық-санитарлық көмектің рөлі жайында онлайн түрде пікір алмасып, тәжірибелерімен бөлісті. Медицина майталманының мерейтойына арнайы келген Денсаулық сақтау министрі Төрегелді Шармановқа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын жеткізді. Сонымен қатар, университет қабырғасында орналасқан даңқ залына академиктің есімі берілді.
Саналы ғұмырын медицина саласына арнаған Төрегелді Шарманов қатардағы дәрігерден бастап, денсаулық сақтау министріне дейін көтерілді. Қызметін абыроймен атқарған. Ол 1978 жылы әлемнің 140 елінен дәрігер мамандар шақыртып, Алатау баурайында алғашқы медициналық жәрдем жайында конференция ұйымдастырады. Нәтижесінде әлемдік денсаулық сақтаудың «Ұлы хартиясы» аталатын декларация қабылданды. Бұл құжат отандық медицинамен қатар, дамыған елдердің осы саладағы бағытын айқындап берді.
Төрегелді Шарманов, медицина ғылымдарының докторы:
-Алматы деклорациясын әлем мойындады. Онда адамның денсаулығы дәрігерлерге байланысты емес екендігі айтылады. Аурудың алдын алудың маңыздылығы басты назарға алынған. Сырқаттанбаудың бірден бір жолы толыққанды тамақтану, таза ауа мен сапалы су. Бұл, әсіресе, қазіргі жағдайда өте маңызды.
Онлайн конференцияға шетелдік сарапшылар да қатысып, коронавирустың алдын алу, байланыста болғандарды анықтау және симптомсыз науқастарды емдеу бойынша ой бөлісті. Олар Қазақстан дәрігерлерінің індет өршіген кезде атқарған жұмысына оң баға берді.
Мелитта Якаб, ДДСҰ-ның Алматыдағы өкілі:
-Қазақстан алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша халықаралық деңгейде үлкен рөл атқарады. Әсіресе, коронавирус індеті кезінде үлкен нәтиже болғанын көріп отырмыз. Медицина мамандарының жұмысы бір сәтке де тоқтамады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да қауіпті инфекциямен күресте осы бағыттың маңыздылығын арттыруға қолдау көрсетуге дайын.
Медицина абызының мерейтойына орайластырылған жиын ертең де жалғасады. Білікті медицина мамандары емделіп шыққан науқастардың күтімі, жүкті әйелдер мен балаларға көрсетілетін алғашқы көмек туралы тәжірибе алмасады.
Нұрхан Нұрланұлы