Жээнбеков Қырғызстанда биліктен кетуге мәжбүр болған үшінші президент - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жээнбеков Қырғызстанда биліктен кетуге мәжбүр болған үшінші президент

18.10.2020

Сонымен бейсенбіде Қырғыз республикасының президенті Сооронбай Жээнбеков отставкаға кетті. Халқынан кешірім сұрады. Парламент оның отставкасын қабылдады.    

«...Өкінішке қарай, агрессия толастамай отыр, менің отставкаға кетуімді талап ету жалғасып жатыр» дей келе, «Мен билікке жабысып қалған жоқпын. Мен үшін аймағымыздың тыныштығы, еліміздің бүтіндігі, қоғамымыздың ынтымағы барлық қызметтен биік. Мен Қырғызстан тарихындағы қан төгіп кеткен, өз отандастарына қарсы оқ атқан президент ретінде қалғым келмейді. Сондықтан мен отставкаға кету шешімін қабылдадым» деген ол, бейсенбіде халқына арнаған мәлімдемесінде. 

Қырғыз республикасында 4 қазанда парламент сайлауы өтіп, оның нәтижесі бойынша жеңіске жеткен 4 партияның 3-еуі билікке жақын, біреуі ғана оппозициялық болғасын наразылық бұрқ еткені мәлім. Митингіге шыққандар президент пен парламент отыратын резиденцияны басып алып, түрмедегі саясаткерлерді босатқан, жақтастары босатып алғандардың арасында митинг ұйымдастырғаны үшін және облыс әкімін кепілге алғаны үшін 2017 жылы 11 жарым жылға сотталған Садыр Жапаров та болды. Ақыры міне, ол елдің премьер-министрі ғана емес. Мемлекеттегі ең жоғары атқарушы билікті қолына алды. Қырғыз конституциясы бойынша, егер президенті қызметінен мерзімінен бұрын кететін болса, жаңа президент сайланғанша оның міндетін Жогорку Кеңеш төрағасы атқарады. Дегенмен парламент спикері Қанат Исаев та арыз жазған, атқармаймын деп. Бұл жағдайда президенттік міндетті премьер-министр атқарады.

Сооронбай Жээнбеков соңғы 15 жылда Қырғызстанда биліктен кетуге мәжбүр болған үшінші президент. Бұған дейін Асқар Ақаев пен Құрманбек Бакиев елдегі революциялардан кейін биліктен кеткенін, дәлірегі - қашқанын білеміз. Асқар Ақаев 2005 жылы, бейнелеп айтқанда оны құлатқан Құрманбек Бәкиевтің өзі 2010 жылы. Қазір бірі Мәскеуде, бірі Минскіде тұрады.

Жайна Сламбек


Қырғыз республикасы Сооронбай Жээнбеков

Хабарламаларға жазылу